Халықаралық төрелік сот қашқын олигарх Мұхтар Әблязов жанама түрде басқаратын голландиялық KT Asia Investment Groub BV компаниясының Қазақстанға қарсы 1,5 миллиард долларлық талап арызын қабылдамай тастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Халықаралық төрелік сот қашқын олигарх Мұхтар Әблязов жанама түрде басқаратын голландиялық KT Asia Investment Groub BV компаниясының Қазақстанға қарсы 1,5 миллиард долларлық талап арызын қабылдамай тастады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың Арнайы комитеті 2014 жылдың 20 қарашасы күні түпкілікті шешім шығарды. Еске сала кетейік, бұған дейін арызданушының мәліметі бойынша, Мұхтар Әблязовтің компаниясы "БТА банкі" АҚ акцияларының KT Asia компаниясына тиесілі 9,99 пайыз миноритарлық пакетінің ұлттандырылғаны хабарланған болатын. "Қазақстан KT Asia компаниясының Мұхтар Әблязовқа тиесілі кәсіпорындардың қатарына енетінін дәлелдей алды, бұл компаниялар активтерді бірінен біріне ауыстыру үшін "қалта" ретінде пайдаланылған", - деп хабарлаған болатын Әділет министрлігі. Сонымен бірге, KT Asia БТА банкі акцияларды олигархтың екі саудагер компаниясының қарызы есебінен нарықтағы құнынан жеті есе аз бағаға сатып алғаны айтылды. "Қарыз сомасы мен оның пайыздары төленбеді. Оның орнына қарыз есептен шығарылып, Мұхтар Әблязовтің өзі KT Asia компаниясының қарызынан құтылуы үшін екі компанияны жойып жіберген", - деп түсіндірді министрлік мамандары.
Талап арыз 2009 жылы берілген. 2013 жылдың 17 қазанында Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың төрелік трибуналы Қазақстанның пайдасына шешім шығарды. Талапкер Инвестициялық дауларды реттеу жөніндегі халықаралық орталықтың Арнайы комитетінде бұл шешімге қарсылық білдірді. Арнайы комитет KT Asia Investment Group BV компаниясының Қазақстаннан 1,5 миллиард доллар өндіріп алу туралы талабын екінші қайтара және түпкілікті қабылдамай тастады.
Еске сала кетейік, Мұхтар Әблязов қазір Францияда қамауда отыр. Елдің соты оны Ресейге экстрадициялауға шешім шығарды. ҚР Бас прокуратурасы БТА банкінің бұрынғы басшысын Қазақстанға ре-экстрадициялау жөнінде келіссөз жүргізіліп жатпағанын мәлімдеді. Соған қарамастан, қадағалау ведомствосы Қазақстанның Әблязовті экстрадициялау туралы сұранымы Францияның әділет министрлігінің алдын ала қарауында жатқанын айтты.
Қазақстанда Әблязов БТА банкінен алты миллиард доллардан астам ақшаны жымқырды және басқа да ірі қаржылық алаяқтықтар жасады деп айыпталып отыр. Оның кінәсі дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 13 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ресей билігі олигархты мемлекеттен бес миллиард долларды жымқырды деп, ал Украина 400 миллион долларды жымқырды деп айыптады.