Әділбек Жақсыбеков жаңа мектептердің дайындығын тексерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Әділбек Жақсыбеков жаңа мектептердің дайындығын тексерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1 қыркүйек күні Астанада үш жаңа мектеп ашылады: Орынбор көшесі бойындағы № 77 мектеп-гимназиясы, "Комсомольский" ТА №79 мектеп-гимназиясы және "Батығай" ТК дарынды балаларға арналған №81 "Astana English school" гимназиясы. Барлық мектеп Есіл ауданында орналасқан және әрқайсысы 1200 оқушыға лайықталған.
"Бүгін көшпелі кеңес барысында Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков жаңа білім беру мекемелерінің материалды-техникалық базасымен танысып, бірінші қыркүйекке дайындығын тексерді. Әкім ұстаздар құрамының жаңа оқу жылына дайындық барысымен және мектеп кітапханасының оқу әдебиетімен қамтылуымен танысты. Қала басшысы елордадағы білім беру жүйесі бәсекеге қабілетті болу керектігін, әр мектепке заманауи сандық білім беру ресурстарын енгізу қажеттігін атап өтті", - деп жазылған хабарламада.
"Ұстаздар үнемі біліктілігін арттырып отыруы керек. Білім беру саласының бұдан былайғы нәтижелі дамуы "Бес институционалды реформаны іске асыру бойынша 100 нақты қадам" Ұлт жоспарында көрсетілген. Біздің басты мақсатымыз - баланың мектепте дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасау", - деді қала басшысы.
Әкімдіктің мәліметінше, жаңа оқу жылында елордалық 17 мың бала бірінші сыныпқа барады, бұл былтырғы оқу жылына қарағанда 2 мыңға артық.
Сонымен қатар, бүгін Әділбек Жақсыбеков Астаналық цирктің, "Барыс" спорт кешенінің, "Қазақстан" спорт сарайының және Мұңайтпасов атындағы алаңның жағдайын тексерді. Қала басшысы спортшылардың кәсіби дайындығы және қала тұрғындары мен қонақтарының демалысын өткізуге сапалы қызмет көрсету қажеттігіне аталған нысандар жетекшілерінің назарын аударды.