Қазақстандық белгілі режиссер Ақан Сатаев фильмдердің пираттық нұсқаларымен порнографиялық сайттармен күрескендей күресуге шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақстандық белгілі режиссер Ақан Сатаев фильмдердің пираттық нұсқаларымен порнографиялық сайттармен күрескендей күресуге шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Көрермендердің көбісі бізден ашық түрде фильмдердің торрентерде қашан шығатынын, сондай-ақ, пираттық нұсқалардың қашан шығатынын сұрап, жазып жатады. Меніңше, егер біз олармен порносайттармен күрескендей әрекет жасасақ, бұл біздегі кино саласына деген үлкен көмек болар еді", - деді Ақан Сатаев.
Сондай-ақ, режиссер үкіметтегілердің отандық кинематографқа қолдау көрсету үшін не істеуге болатынын айтып өтті.
"Ресейдегідей бізде прокатқа шыққан шетелдік киноны үлестеу. Мысалы, олардың аумағында көрсетілетін фильмдердің 20 пайызы отандық кино болуы керек. Осылайша кино өндірушілер қосылған құн салығын төлемейді, яғни, оларға жеңілдік беріледі", - деді режиссер.
Ақан Сатаевтың айтуынша, Қазақстанда киноны прокатқа шығарушыларға белгілі бір жеңілдік беруге болады.
"Мысалы, оларды қосылған құн салығын төлеуден босату. Сосын сол қаражатты кино қорын құруға жұмсауға болады. Бұл біздің отандық өніміміздің бәсекеге қабілеттігін арттыруға мүмкіндік береді. Қордағы қаражат арқылы халықаралық байқауларда, мысалы, Каннда, Берлинде немесе Венецияда өтетін фестивальдерде көрсетілетін фильмдерге көмек көрсетуге болады. Бұл үшін өте сапалы фильм түсіру керек", - деді қазақстандық режиссер.