Солтүстік Қазақстан облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ресейлік әнші Akmal’-дің концертіне қатысты шағымдар көбейгенін хабарлады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, концерт болмағанына байланысты 100-ден аса адам наразылық білдірген.
Әншінің Костанайдағы концерті 2025 жылдың 25 қазанына жоспарланған. Алайда іс-шара белгісіз себеппен тоқтатылған. Билеттерді eventticket.kz платформасы арқылы сатып алған көрермендерге ақша осы күнге дейін қайтарылмаған.
Тексеру нәтижесінде тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңнаманың бірнеше нормасы бұзылғаны анықталған. Осыған байланысты ұйымдастырушыға барлық сатып алушыға билеттің толық құнын қайтару туралы ресми талап жолданған.
Ведомство мәліметінше, ұйымдастырушы жалпы сомасы 6 миллион теңгеден аса қаражатты қайтаруға міндетті.
"Егер талап орындалмаса, департамент тұтынушыларға билеттер үшін төленген ақшаны қайтару туралы заңның 5-бабы 8-тармағына сәйкес сотқа жүгінеді", — деді Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!