ПОДЕЛИТЬСЯ
24 желтоқсан 2021 | 16:13
Әкімдік қызметкерлері тұрғындардың жаңа жолайрық туралы шағымына жауап берді
Алматы әкімдігі өкілдері тұрғындардың Рысқұлов даңғылындағы жаңа жолайрыққа қатысты шағымдарына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы әкімдігі өкілдері тұрғындардың Рысқұлов даңғылындағы жаңа жолайрыққа қатысты шағымдарына жауап берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әкімдік қызметкерлері 10 күн бұрын Рысқұлов пен Емцов көшелері қиылысында салынған жолайрықта қозғалыс ашылғанын мәлімдеді. Осы нысан пайдалануға берілгеннен кейін іргелес көшелер мен қиылыстарда қозғалысты ұйымдастыру жұмыстары өзгерген. Рысқұлов пен Тілендиев көшелері қиылысындағы бағдаршам сөндірілген. Бұл шара Рысқұлов көшесіндегі қозғалысты реттуге бағытталғаны айтылды.
"Рысқұлов-Тілендиев маңында жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер бар. Көрсетілген аумақта стандартқа сәйкес шығысқа қарай - 250 метр, батысқа қарай 150 метр қашықта жолүсті және жоласты жолаушылар өткелі орналасқан. Олар стандартқа сай келеді", - деп мәлімдеді әкімдік өкілі.
Алайда шенеуніктер Рысқұлов пен Тілендиев қиылысындағы бағдаршамды қайтаруға шешім қабылдады. Олар мұндай қадамға жақын маңдағы тұрғындардың үндеуінен және кейінгі 10 күндегі жағдайды талдаудан кейін барды. Бірақ бұрынғы қозғалыс схемасы өзгерістерге ұшырады.
"Қалыптасқан көлік жағдайы мен жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша бұл қиылыстағы көлік қозғалысына өзгеріс енгізу туралы шешім қабылданды. Рысқұлов даңғылын кесіп өту үшін Немирович-Данченко көшесінен шығысқа қарай бағдаршам іске қосылады. Немирович-Данченко көшесі бойымен көлік қозғалысы кезінде солтүстік бағытта тіке, солға және оңға жүруге мүмкіндік жасалады, оңтүстік бағытта Жаңаарқа көшесінің бойымен қозғалыс кезінде тек оңға бұрылуға болады", - деді ведомство қызметкері.
Бағдаршам осы режимде 2022 жылы қаңтардың аяғына дейін жұмыс істейтіні айтылды.
"Осы аралықтағы көлік қозғалысы туралы есеп алынғаннан кейін аумақ үшін қолайлы көлік қозғалысы режимі бекітіледі. Бұл шаралардың негізгі мақсаты - халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жолдағы қозғалысты реттеу", - деп түйіндеді әкімдік өкілі.
Бұған дейін Алматы тұрғындары Рысқұлов даңғылы бойындағы жаңа жолайрыққа шағымданғаны хабарланды. Олардың айтуынша, шенеуніктер көлік қозғалысын түбегейлі өзгерткен, жаяу жүргіншілер өткелін, бірнеше бағдаршамды алып тастаған, бірақ кептеліс мәселесі әлі де шешілмеген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также