Ақмола облысындағы 270 кәсіпкер биыл қолданысқа енген Салық кодексінің талаптарымен келіспей отыр. Олардың көпшілігі - жерасты суларын пайдаланатын шипажай иелері. Табиғи ресурсты тұтыну үшін төленетін салықтың, шамамен, 500 есе артуы оларды тығырыққа тірегенге ұқсайды, - деп хабарлайды "Қазақстан" телеарнасы.
Ақмола облысындағы 270 кәсіпкер биыл қолданысқа енген Салық кодексінің талаптарымен келіспей отыр. Олардың көпшілігі - жерасты суларын пайдаланатын шипажай иелері. Табиғи ресурсты тұтыну үшін төленетін салықтың, шамамен, 500 есе артуы оларды тығырыққа тірегенге ұқсайды, - деп хабарлайды "Қазақстан" телеарнасы.
Тілшілердің мәліметінше, жеңілдікке ие кәсіпорындар қатарынан алып тасталған емдеу-сауықтыру нысандары ендігі жерде 1 текше метр суға 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлеуге міндетті. Ал кәсіпкерлер болса, оны төлеуге көпшілігіміздің қауқарымыз жете бермейді, дейді.
Бурабайдағы шипажайлар шаруашылық қажеттіліктерге жер асты суын пайдаланады екен. Себебі ұлттық парк аумағында орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Сондықтан барлық нысанның жеке құдығы бар. "Жұмбақтас" шипажайы жылына 5 мың текше метр су тұтынады. Оның әрбір текше метрі үшін салық төлейді.
"Бұрын біз айлық есептік көрсеткіштің 0,3 пайызын төлейтінбіз. Бір жылда шамамен 32 мың теңге шығатын. Қазіргі талап бойынша біз жер астынан алып жатқан 1 текше метр суға 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде салық төлеуіміз керек. Бізде бұл жылына 11 миллион теңге болып шығады. Оны біз көтере алмаймыз", - дейді шипажай директоры Василий Червенко.
Айта кетейік, жерасты суларын пайдаланушы мекемелерге 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде міндетті төлем бекітілген. Және 0,1, 0,3 және 25 пайыз қосымша коэфициент есептеліп, жеңілдік берілетін мекемелер тізімі бар. Алайда шипажайлар бұл тізімнен алып тасталған.
Ал өз кезегінде мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Ерлан Қапаров Бурабай курорттық аймағындағы шипажайлар, демалыс нысандарына қатысты қосымша коэффициент қолданылмайтынын айтты. "Себебі олар алып жатқан жер асты суы тікелей кәсіпкерлік қызметке пайдаланылады. Осыған орай, олар салықты 1 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлеуге міндетті", - деді ол.
Салықты миллиондап төлеуге қауқарсызбыз деген шипажай басшылары жергілікті кәсіпкерлер палатасына арыз-өтініштерін жолдады. Соған орай арнайы сараптама да жүргізілді.
Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Валентина Геращенконың айтуынша, бұл мәселе зерттелді. "Біз "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратына салық кодексінің редакциясына өзгерістер енгізу, яғни жер асты суларын пайдаланған үшін аударылатын міндетті төлемнің мөлшерін азайту туралы хат жолдадық", - деді ол.
Бүгінде Ұлттық экономика министрлігінде арнайы жұмыс тобы құрылып, салық кодексіне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Шипажай иелері енді соған үміт артып отыр. Бұдан қайыр болмаса, кәсіпкерлер бизнесін тоқтатамыз дегенді айтады.