Парламент Мәжілісінің депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасын талқыға салды. Бұған дейін аталған құжатқа Сенат бірқатар түзетулер енгізіп, кері қайтарған болатын. Бүгін төменгі палата сол түзетулермен келісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Парламенттің мәжіліс залынан.
Парламент Мәжілісінің депутаттары Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс жобасын талқыға салды. Бұған дейін аталған құжатқа Сенат бірқатар түзетулер енгізіп, кері қайтарған болатын. Бүгін төменгі палата сол түзетулермен келісті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Парламенттің мәжіліс залынан.
Кодекс жобасы әкімшілік заңнаманы елеулі түрде реформалауға бағытталады. Бұл ретте әкімшілік заңнаманы ізгілендіру, соттарға жүктемені азайту шаралары қамтылады. Осыған байланысты соттардың және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттілік берілген органдардың құзыреті қайта қаралады. Кодекс жобасына сәйкес, айыппұлдың абсолюттік белгілі бір мөлшері көзделеді. Бұл әкімшілік жаза шығару кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін жоюға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жаңа редакция бойынша әкімшілік қамауға алудың ең ұзақ мерзімі 30 тәулікке, айрықша жағдайлардағы төтенше жағдайлар режимінде 45 тәулікке дейін қысқартылып отыр. Әкімшілік құқық бұзушылық жасаған маскүнемдікпен, нашақорлықпен немесе уытқұмарлықпен ауыратындарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану секілді жазалау нормалары алынып тасталған.
Сондай-ақ кодекс жобасында сыбайлас жемқорлық факторын алып тастау және қысқартылған іс жүргізуді қамтамасыз ету үшін абсолютті түрде анықталған айыппұлдар көлемі белгіленген. Сонымен қатар жоба редакциясында әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарауға уәкілеттік берген органдардың құзыреттерін қайта қарау қамтылады. Атап айтқанда, соттың ведомстволық бағыныштылығынан санкцияларында айыппұл түріндегі әкімшілік жаза қарастырылатын баптардың бірқатарын мемлекеттік органдарға ауыстыру көзделіп отыр.
Ал сенаторлар енгізген түзетулерге келсек, бұлар негізінен редакциялық нақтылау сипатында болып табылады. Атап айтқанда, заң бұзушылықтарға ықпал ететiн жағдайларды жою мақсатында судья мен лауазымды тұлғаның жекеше қаулы не ұсыным шығару құқығын көздейтiн толықтырулар енгiзді. Осылайша, Парламент қабылдаған құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.