Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны қабылдауға арналған салтанатты жиынға қатысты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Ақордада өткен іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдардың жетекшілері, облыс, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, сондай-ақ Конституциялық комиссия мен Жалпыұлттық коалиция мүшелері қатысты.

Құрмет қарауылы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын салтанатты түрде ортаға алып шыққан соң еліміздің Әнұраны орындалды.

Кейін Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумның қорытындысын жариялады.

Кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына және "2026 жылғы 15 наурызда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлыққа қол қойды.
Суреттер: Ақорда
Айта кетейік, 17 наурызда Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс берудің ресми қорытындысын жариялады.
ОРК мәліметтері бойынша, жаңа Конституцияны қабылдауды 7 954 667 азамат қолдап дауыс берген. Бұл сайлаушылардың жалпы санының 87,15 пайызы болады.
898 099 адам қарсы дауыс берген.
Орталық референдум комиссиясы
Еске салайық, 2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған.
Дауыс беру 15 наурызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті.
Референдум - азаматтардың ең маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны (жалпыхалықтық дауыс беру). Референдум арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Әдетте референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!