Жас шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова қазақстандық спортшының Ресейге көшу себебін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы 15 жастағы шахматшының анасы Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.
Жас шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова қазақстандық спортшының Ресейге көшу себебін айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы 15 жастағы шахматшының анасы Facebook желісіндегі парақшасында жариялады.
"Бибісара үшін өсу мүмкіндігінің жоқтығы басты себеп болды. Бибісараның әкесімен 13 жыл бұрын ажырасқанмын. Біз әлем чемпионатынан алтын медаль алып келгеннен бастап Бибісараның ағасы жан-жақтан тосқауыл қойды. Бұл туралы сол кезде көбі білді, бірақ жағдайды өзгерту мүмкін емес еді. Себебі ол Қазақстанның жоғары қызметтегі шенеунігі болатын. Нақты бір уақыттан кейін бізді түрлі іс-шараларға қатыстырмайтын болды, маңызды оқиғалардан біздің атымызды сызып тастайтын", - деп жазды Таңжарықова.
Кейін Бибісара Ресейге көшіп, Мәскеу облысы шахмат федерациясының намысын қорғай бастады.
"Бибісара Ресейдің қоржынына алтын медаль салған соң жаңағы "туысымыз" белгілі бір себептермен бізге бөгет бола алмады. Сондықтан, мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жүгіндім. Менің сөзіме құлақ асып, біздің оралуымыз үшін барлық амал жасалды", - дейді Асаубаеваның анасы.
Оның айтуынша, Ресейде оларға барлық жағдай жасалған. Егер Бибісара Ресей азаматтығын алса, оларға Мәскеу облысынан жаңа пәтер, тұрақты қаржы беруге дайын болған. Бірақ олар қазақстандық паспорттан бас тартпаған. Кейін АҚШ-тың ұсынысын да қабыл алмапты.
"2018 жылы қарашада АҚШ-та өтетін Гарри Каспаровтың сессиясына шақырту алдық. Әрине, ол жақта бәрі мүлде басқаша. Оларда Американың кез келген оқу орнына гранттар беріледі. Бибісараға АҚШ-тың намысын қорғауға ұсыныс жасалды. Штаттарда паспортыңды ауыстырмай-ақ, сол елдің атынан өнер көрсете беруге болады. Дұрыстап ойланып, өз еліміздің намысын қорғауды жөн деп шештік. Біз өз елімізден басқа ешкімге керек емеспіз", - деді Таңжарықова.