Үкімет мобильді аударымдарды бақылауды және оларды пайдалануға тыйым салуды көздемейді. Бұл тек кірістерді дұрыс көрсету және тұтынушыға чек беруге қатысты. Ол салықтың жаңа түрі емес. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Үкімет мобильді аударымдарды бақылауды және оларды пайдалануға тыйым салуды көздемейді. Бұл тек кірістерді дұрыс көрсету және тұтынушыға чек беруге қатысты. Ол салықтың жаңа түрі емес. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Үкімет аударымдарды бақылауды және оларды пайдалануға тыйым салуды көздемейді. Бұл тек кірістерді дұрыс көрсету, банк аударымы арқылы төлем қабылдау кезінде чек беруге қатысты және ол талаптар салықтың жаңа түрі емес.
Біз екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп жұмыс істейміз. Себебі банк тарапынан жеке тұлғаларға арналған өнімі (аударымдар) коммерциялық мақсатта пайдаланып жатады.
Егер мобильді аударымдар жиі болса, кәсіпкерлерге де осындай ыңғайлы сервисті қосу қажет. Бұл мәселеде банк секторымен келісімге келдік", - деді Әлихан Смайылов.
Ол бірқатар ұсыныс пен заңнамалық бастамалар пысықталғанын айтты.
Оның айтуынша, жаңа төлем әдісіне, яғни мобильді төлемдерге анықтама беру қажет. Ақша аударымын мақсатына қарай бөлу үшін кәсіпкерлерге жеке есепшотты пайдалану ұсынылады.
Бұдан бөлек кәсіпкерлік қызметке арналмаған есепшоттарды пайдаланып, кіріс алу белгілерін анықтайтын тәуекелдерді басқару жүйесін әзірлеу ұсынылған.
"Тәуекелдерді басқару жүйесінің нәтижелері заңбұзушылықтың тұтас кешенімен расталуы керек. Мысалы, сауда нысаны сөресінде аударымдарды қабылдау туралы ақпарат болуы және телефон нөмірін көрсету, сатушының чек бермеуі сияқты тұтынушылар тарапынан түскен шағымдар болуы, касса тәртібінің бұзылуы, мемлекеттік кірістер органы талаптары мен ұсынымдарын бірнеше рет елемеу.
Мұқият талдау қорытындысы бойынша тұлғалар атына заңбұзушылықтарды өз бетінше жою үшін хабарламалар жіберіледі", - деді Смайылов.
Ол бұл шаралар жеке тұлғаның кәсіпкерге жеке мақсаттағы аударымына әсер етпейтінін айтты. Шаралар Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларын сақтауға, салық төлеуден жалтарудың алдын алуға бағытталған.
Бұл бастамалар мен ұсыныстар мүдделі мемлекеттік органдармен, банк секторымен бірлесіп қаралатыны және жария талқылау мен ұсыныстарды қабылдау үшін интернет-ресурста ұсынылатыны айтылды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!