Ақтауда белгілі балалар хирургі апелляциялық шағым арқылы өзін ақтап алмақшы, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ақтауда белгілі балалар хирургі апелляциялық шағым арқылы өзін ақтап алмақшы, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Ол ауруханаға келген әйелмен жанжалдасып, ақыр соңында бір тәулікке темір торға қамалған Насуқан Отарғазиев "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша айыпталған. Оған науқасқа әдепсіз сөйледі деген кінә тағылған. Алайда, дәрігер ондайға аузым барған емес деп ақталып отыр.
Тағылған айыпқа сәйкес, түнгі ауысымда кезекшілік еткен дәрігер аурухана табалдырығын аттаған әйелге әдепсіз сөйлепті. Алайда, Отарғазиевтің үстінен шағымданған жан ондаған бала көмек күтіп тұрғанда кезексіз өтуге тырысқан көрінеді.
"3-4 күн бойы қызуы көтерілген баланы педиатрға алып келді. Әкесі мен әжесі. Сол кезде әжесі кезекті күтпей, шу шығарып, кезекші педиатрға айқайлады. Бірақ әжесі кезекші дәрігер мені балағаттады деп арыз жазып, сол арқылы осы айдың 19-ында сот болды", - дейді Насуқан Отарғазиев.
Ақтау әкімшілік сотының мәліметінше, балалар хирургі 1 жыл ішінде екінші мәрте аңдаусыз сөйлеп, басы дауға ілігіпті. Тіпті, наурыз айында ұсақ бұзақылық үшін айыппұл арқалаған. Сондықтан бұл жолы темір тордың дәмін татпай құтылу мүмкін емес дейді судья.
"Әкімшілік іс қарау барасында бейнетүсірілім қаралды. Бейнетүсірілімде жәбірленушінің кезектен тыс кіріп айқай шығарғаны, дәрігер қатты дөрекі сөйлеп жауап бергені, қолдарын сілтеп сөйлегені түгел көрініп тұрғанына байланысты бұл іс бойынша әкімшілік жауапқа тартылды аталған азамат", - дейді Ақтау әкімшілік сотының судьясы Гүлмира Сүйеуова.
Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқарамасының баспасөз хатшысының хабарлауынша, бұл үкіммен дәрігер тұрмақ оның басшылығы да келіспейді. Енді олар апелляциялық шағым түсіріп, ақ халатты абзал жанның ар-намысын қорғап қалмақ.
Айта кетейік, қабылдау бөлмесінде шу көтерген әйел де жазадан құтылмайды. Оған дәрігерге тіл тигізгені үшін 12 мың теңге айыппұл салыныпты. Ал, қазір бір тәулік темір торға тоғытылған балалар хирургі еңбек демалысына шығыпты.
Естеріңізге сала кетейік, осы мәселе бойынша денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзінің Facebook парақшасында пікір қалдырған болатын. Министр дәрігердің жазасын "әділетсіз" деп атады.
"Дәрігердің осы жанжалда кінәсі дәлелденген жағдайда тәртіптік жаза қолданумен шектелуге болар еді деп санаймын", - деп жазды ол.