23 наурыз күні қала әкімі Мұрат Жөребековтің төрағалығымен көктемгі су тасқыны салдарын жою және жасалған шаралар нәтижесінен қорытынды шығару бойынша жиын өткізілді.
23 наурыз күні қала әкімі Мұрат Жөребековтің төрағалығымен көктемгі су тасқыны салдарын жою және жасалған шаралар нәтижесінен қорытынды шығару бойынша жиын өткізілді.
Оған екі ауданның әкімдері, қала әкімінің орынбасарлары, бөлімдер басшылары, сондай-ақ "Гражданпроект" ӨК, "Акватория-Актобе" ЖШС басшылары қатысты.
"Ақтөбе арқылы 6 өзеннің арнасы ағып өтіп жатыр. Соңғы жылдары өзен арналарының бойында үйлер тұрғызылғанын көріп отырмыз. Қалада жауын-шашын болса, көшелердің суға толуы үлкен мәселеге айналды. Біз қазір қалада суағарлар мен су бұру жүйелерін салуымыз керек. Тұрғындарымыздың да қойып отырған талабы - осы.
Қала құрылысының талаптарына сәйкес келетін кешенді жоспар бастапқыда болуы тиіс еді. Ал бізде ол жоқтың қасы. Мысалы, Батыс-2 ауданында жол салғанда суағарлар қаралмаған, ал кей жерлерде салынған суағарлар судың бағытынан мүлдем алшақ жатқанын көрсетті. Өткен апталарда еріген қар мен жаңбыр сулары жаңа тұрғын үйлердің жертөлелеріне толды. Бұл - сауатты жобалаудың, үй салушы компанияларды бақылау жоқтығының көрінісі.
Жылдар бойы қордаланған мәселені шешуіміз керек. Мүмкін оны шешуге бір емес, бірнеше жыл керек болар. Бірақ біз биыл ең негізгі жұмысты атқаруымыз керек.
Биылғы көктемгі су тасқыны кезінде су көп жиналатын 128 учаске анықталды. Қаланың арықтары мен суағар жүйелерінің кешенді картасын жасақтауды тапсырамын", - деді Мұрат Жөребеков.
"Гражданпроект" ӨК басшысы Әубәкір Әжғалиевтің айтуынша, қала суағарларының картасын жасау үшін қала аумағының толық топографиялық түсірілімі керек. Қазір осы мекеме "Авиатор", "Елек", 11 және 12 шағын аудандарда, Есет батыр тұрғын алабында су қабылдағыш жүйелерін орнату бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға түзету енгізумен айналысуда.
Айта кету керек, өткен 2022 жылы қалада 3,2 шақырым арық жүйесі салынды. Оған дейін қала көшелерінде жауын-шашын сулары көп жиналатын 46 аумақ анықталып, 2021 жылы 11 учаскеде, 2022 жылы 9 учаскеде суағарлар, су қабылдағыштар салынды.