Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров облыстық әкімдік ғимаратында болған ірі өрттен кейін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Шахаровтың айтуынша, сәрсенбі, 8 сәуірде әкімдіктің 600-ге жуық қызметкері уақытша қашықтан жұмыс істейді.
"Түстен кейін мамандардың көп бөлігі өз жұмыс орнына оралады. Оған дейін мемлекеттік қызметтер онлайн, үздіксіз көрсетіледі. Іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарының нақты жоспары да әзірленіп жатыр", - деді өңір әкімі.
Сондай-ақ, әкім өрт дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Қалпына келтіру жұмыстарының нақты жоспары да әзірленіп жатыр. Әр кезеңнің орындалуы жеке бақылауымда болады, ақпарат тұрақты түрде жарияланып отырады", - деп жазды жазды Шахаров Facebook парақшасында.
Шенеуніктің айтуынша, қазір әкімдік ғимаратындағы жағдай тұрақты және бақылауда. Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмекке ешкім жүгінбеген.
"Бұл мәселе жеке бақылауымда, жедел штаб жұмысы жалғасып жатыр. Қазір нақты іс-қимыл жоспары бекітіліп, барлық жұмыс кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Ғимараттың техникалық жағдайын толық бағалау үшін сарапшылар тартылды. Ғимараттың тек шатыры жанды. Алтыншы қабаттағы кабинеттерге келген зақым айтарлықтай емес", - деп толықтырды Шахаров.
Ақтөбе облысы әкімдігінің ғимаратына соңғы рет 2022 жылы жөндеу жүргізіліп, сол кезде жұмыс кабинеттері жаңартылған болатын.
Ақтөбедегі әкімдік ғимаратындағы өрт
7 сәуірде кешке Ақтөбеде Әбілқайыр хан даңғылындағы облыстық әкімдік ғимаратында өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігі мәліметінше, 6 қабатты әкімшілік ғимараттың шатыры жанған. Құтқарушылар шақырту орнына 5 минут ішінде жетті. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде әртүрлі жерлерде үш ашық өрт ошағы байқалған.
ТЖМ мәліметінше, өртті сөндіру жұмыстары оттың үлкен аумаққа қарқынды таралуына, тез тұтанғыш материалдардың болуына, қою түтінге, жоғары температура, сондай-ақ ғимараттың конструктивтік ерекшеліктеріне байланысты қиындай түскен.
Өрт орнында екі "103" бригадасы кезекшілік етті. Медициналық көмекке жүгінгендер мен зардап шеккендер болған жоқ, деп түсіндірді әкімдіктегілер.
ТЖМ сағат 22:00-ден кейін өрттің толық сөндірілгенін хабарлады. Өрт аумағы 300 шаршы метр болған, оны сөндіруге 80-нен аса жеке құрам мен 30-ға жуық техника жұмылдырылды.
8 сәуірге қараған түні Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров ТЖ жөніндегі жедел штабтың шұғыл отырысын өткізді. Онда облыстық әкімдік шатырының өртенуіне байланысты жағдай қаралды.