Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті ломбард саласындағы заңсыз кәсіпкерлік қызмет дерегі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Не болды?
Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті 2020 жылдан 2025 жылға дейін техниканы (ұялы телефондар, теледидарлар, ойын консольдері, фотоаппараттар және т.б.) кепілге ала отырып, халыққа қарыз беру жүйесін ұйымдастырған және мұны ломбардтық қызметті жүзеге асыруға қажетті міндетті лицензиясыз істеген.
Ведомствоның нақтылауынша, қызмет комиссиялық дүкендер кейпінде жүргізілген, бұл уәкілетті органдар тарапынан реттеуді айналып өтуге мүмкіндік берген.
"Ақшаға мұқтаж азаматтардың тығырыққа тірелген жағдайын пайдалана отырып, ол күніне 3,7 пайызға жететін жоғары пайыздық мөлшерлемелерді белгілеген, бұл заңмен белгіленген 0,3 пайыздық шектен 12 есе жоғары", - деп нақтылады ҚМА.
Қылмыстық табыс сомасы 93 миллион теңгеден асты.
Мүлікке тыйым салу
ҚМА хабарлауынша, соттың санкциясымен күдіктінің 3 автокөлігі мен пәтеріне тыйым салынды. Оған қатысты ешқайда кетпеу және өзін дұрыс ұстау туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған.
Ведомство қылмыстық іс сотқа жіберілгенін, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайтынын атап өтті.
Ведомство заңсыз қаржылық құрылымдарға жүгіну мүлік пен ақшалай қаражаттан айырылу қаупімен байланысты екенін ескертті.
Қаржылық мониторинг агенттігі мүлік кепілімен қарыз беретін ұйымдардың лицензиясы бар-жоғын тексеруді қатаң ұсынады, себебі мұндай қызмет міндетті мемлекеттік реттеуге жатады.