Ақтөбе облысының тұрғындары мемлекеттен 3,5 миллион теңге заңсыз алып келген

04 Қыркүйек, 14:12
0
Ақтөбе облысының тұрғындары мемлекеттен 3,5 миллион теңге заңсыз алып келген -

Өздерінің нақты табыстарын жасыру арқылы Ақтөбе облысының бірнеше тұрғындары атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген, осылайша мемлекетке шамамен 3,5 миллион теңгеден астам шығын келтірді, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтее жасап.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының табысы аз отбасыларға мониторинг жүргізу және әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы Ақсұлу Жұбаназарова Ақтөбе облысы тұрғындарының әлеуметтік сала қызметкерлерін алдаудың өрескел фактілері туралы айтып берді. Оның айтуынша, АӘК тағайындау кезінде табысты жасыру және уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу арқылы әлеуметтік көмекті қайта алу ең көп таралған бұзушылық болып табылады.

"Ағымдағы жылғы сәуір айының басында өңір тұрғыны Алға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне АӘК алуға құжаттарын тапсырды. Оған ай сайын 131 мың 235 теңге төлем есебінен жалпы сомасы 1 миллион 574 мың 820 теңге әлеуметтік көмек тағайындалды. Сәуірдің 23 күні осы азаматаша Ақтөбе қаласына уақытша тіркеуге тұрып, АӘК алуға қайтадан құжат тапсырған", - деді Ақсұлу Жұбаназарова.

Еңбек министрлігінің артық төленген төлемдерді анықтау жөніндегі нұсқауын орындау үшін Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Алға тұрғынына жалпы сомасы 1 миллион 600 мың 548 теңге АӘК қайта тағайындалғанын анықтады. Бұл азаматша үш ай ішінде алдау арқылы 400 мың 137 теңге алып үлгерген, аталған ақша қазіргі уақытта бюджетке қайтарылды, ал екінші шешім бойынша тағайындалған төлем толығымен тоқтатылды.

Осыған ұқсас факт Байғанин ауданында да орын алған. Ағымдағы жылдың сәуір айында көп балалы үйдің отағасы табысын ең төменгі жалақы мөлшерінде көрсетіп, әлеуметтік көмек алуға құжаттар тапсырған.

Мемлекеттік кірістер департаменті мен Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бірлескен жұмысының нәтижесінде, аталған азамат жеке кәсіпкерліктен тапқан 13 миллион 944 мың 480 теңге сомасындағы табысын жасырғаны анықталды. Отбасы кірісінің артуына байланысты АӘК қайта есептеліп, үш айда төленген 315 мың 360 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек бюджетке толығымен қайтарылды.

Жұбаназарованың мәліметінше, тұрмысын заңсыз жолмен түзетуді қалаған өңір тұрғындары мемлекетке 3,5 миллион теңге шығын келтірген.

Еске сала кетейік, республика бойынша 21 мыңға жуық отбасы тек табысы аз және аз қамтылған мұқтаж отбасыларға ғана берілетін атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алу мақсатында өздерінің нақты кірістерін жасырған.

Осыған байланысты Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, "Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы" ҚР Заңын бұза отырып, заңсыз тағайындалған төлемдерді қайта қарау және бұзушылықтардың алдын-алу бойынша анықталған әрбір анықталған фактімен жеке-жеке жұмыс жүргізуде.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 миллион қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың ең көп саны Түркістан облысында - 498,7 мың адам, Алматы облысында - 225,4 мың адам, Шымкент қаласында - 216,3 мың адам тұрады. Ағымдағы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 103 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрап отыр.

Получить короткую ссылку


  • Подписаться на канал новостей TengriNews:

  • Google News
  • Yandex News
  • Yandex Zen

Нравится Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай