Ақтөбеде көктемдегі төтенше жағдай кезінде қос көліктің арасында жаншылып қалған әскеридің өліміне адам емес, техника кінәлі деп танылды. Сот көлікті тізгіндеген жүргізушінің апатқа еш қатысы жоқ деп отыр. Тежегішіндегі ақаудың кесірінен көлік өздігінен жүріп кетіп, әскериді жаншып тастаған көрінеді. Бірақ үкім мен сараптама қортындысына марқұмның жесірі келіспейді, - деп хабарлайды КТК.
Ақтөбеде көктемдегі төтенше жағдай кезінде қос көліктің арасында жаншылып қалған әскеридің өліміне адам емес, техника кінәлі деп танылды. Сот көлікті тізгіндеген жүргізушінің апатқа еш қатысы жоқ деп отыр. Тежегішіндегі ақаудың кесірінен көлік өздігінен жүріп кетіп, әскериді жаншып тастаған көрінеді. Бірақ үкім мен сараптама қортындысына марқұмның жесірі келіспейді, - деп хабарлайды КТК.
Үш баласымен жесір қалған Назгүл Талжанованың он айдан бері көзі жастан құрғаған емес. Былтыр наурыздың соңғы күнінде жолдасы Талғат Нұрғалиевті таңғы сағат алтыда жұмысына шығарып салады. Ол кезде әскерилердің бәрі жаппай көше дезинфекциялауға жұмылдырылған. Марқұм көлігіндегі химиялық қоспаны құйып тұрғанда алдында тұрған ақтаулық әскери бөлімінің көлігі артқа жүріп кетіп, басып кеткен.
Телеарна тілшісінің хабарлауынша, қайғылы оқиға Ақтөбедегі қалалық әкімдікке қарсы жолда болған. Ақтау мен Ақтөбедегі әскери бөлімдердің төрт көлігі қатар тұрыпты. Ең алдында тұрған "ЗИЛ" көлігі қозғалып кеткенде, кабинада жүргізуші болмаған. Ақтаудан іссапарға келген әскери көлігіне қайта кіріп тоқтатып үлгермеген көрінеді.
Марқұмды жаншыған көлік жүргізушісі Армат Қайырсапин Ақтаудағы әскери бөлімнен өз еркімен жұмыстан кеткен. Бірақ оның жазаға тартылуын қаралы отбасы талап етті. Дегенмен сержанттың өліміне қатысты істі қараған судья көлік тізгіндеген оны ақтап шығыпты.
"Жаны жоқ көлікті кінәлі деп тұр. Ол көлік өзінен өзі жүрмейді. Оны адам қол тежегішін дұрыс қоймаса, бұл жерде жүргізушінің қатесі. Екіншіден, әскери бөлімнің қателігі - Ақтау әскери бөлімінің. Олар неге дұрыс көлік жібермейді? Жүргізушінің кінәсін тауып, заңмен жазалануы керек", - дейді Назгүл Талжанова.
Ақтөбе гарнизонындағы әскери сот көліктің тежегішінде "ақау болған" деп отыр. Сараптама қортындысы да соны растаған соң, сотталушыны ақтадық деген ақпарат таратты.
"Істегі материалдар мен сарапшылардың қортындысына сәйкес, "ЗИЛ-131" автокөлігінің техникалық ақауы, оның ішінде тежегішінің істен шығуының кесірінен көлік қозғалып кеткен. Кабинада жүргізуші болмаған. Ақауы бар көлікті пайдалануға берген әскери бөлімнің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. Сот үкімі күшіне енген жоқ", - деді Ақтөбе гарнизонының әскери соты.
Соттың бұл үкіміне келіспеген марқұмның жесірі апелляциялық шағым түсіріпті. Оның қашан қаралатыны әзірге белгісіз.
Дереккөз: КТК
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!