Бүгін елімізде мемлекеттік қызметшілердің де кәсіби мерекесі аталып өтеді, - деп хабарлайды "Хабар 24" тілшісі.
Бүгін елімізде мемлекеттік қызметшілердің де кәсіби мерекесі аталып өтеді, - деп хабарлайды "Хабар 24" тілшісі.
Бұл мейрам осыдан алты жыл бұрын бекітілген. Содан бері 23 маусымда түрлі шаралар ұйымдастырылып, саладағы үздік мамандарды марапаттау дәстүрге айналды. Айтулы күнге орай, ақтөбелік ондаған қызметші облыс басшылығы атынан алғыс хаттар алып, төсбелгіге ие болды.
22 жасында мемлекеттік қызметте еңбек жолын бастаған Расул Медетов - тәжірибелі басшылардың бірі. Өткен он жылда әскери және жоғарғы сот пен бірқатар өңірде абыройлы еңбек етті. Алматыда, кейін Ұлыбританияда жоғарғы білім алған "Болашақ" бағдарламасының түлегі елге қызмет етуде жауапкершілік пен ұқыптылықтың аса маңызды екенін жадынан шығарған емес. Ал қатардағы маманнан департамент жетекшісіне дейінгі мансаптық жоғарылауын Елбасының бастамасымен жастарға жасалған жағдаймен байланыстырады.
"Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа үлкен алғысымды білдіремін. Осындай мүмкіндікті қолданып, бүгінгі таңда еңбек етіп жатырмын", - деді ҚР МҚІСЖҚІА Ақтөбе облысы бойынша департаменті басшысы Расул Медетов.
Бүгінде облыста төрт жарым мың мемлекеттік қызметші бар. Түрлі мекемелер мен ұйымдарда еңбек етіп, елдің өркендеуіне үлес қосып келеді. Мереке қарсаңында оларды облыс басшылығының өкілдері құттықтап, сый-сияпат көрсетті. Ондаған адам алғыс хат иеленсе, бірі көп жылғы мінсіз қызметі мен саланың дамуына қосқан өзіндік үлесі үшін "Үздік мемлекеттік қызметші" төсбелгісімен марапатталды.
Қызмет барысында уақытпен санасуды білмейтін тұлғаларға көңіл бөлу - соңғы жылдары бұл жүйеде қолға алынған реформаның бірі. Сондай-ақ, ел үшін жаңа формациядағы мамандар, менеджерлер тобын қалыптастыру да бар.
"Оның көздеген мақсаты - халықпен жұмыс істеу. Оларға жағдай жасау, әлеуметтік тұрмысын түзетуге көмектесу. Мұң-мұқтажына көңіл бөліп, шешуге көмектесетін жұмысты қалыптастыру болып табылады", - деді ҚР МҚІСЖҚІА Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Гүлмира Бисекешева.
Мемлекеттік қызметті таңдаған жастарды болашақта елді мекендерге де тарту көзделіп отыр. Ол үшін тиісті Агенттік "Дипломмен ауылға" бағдарламасына өзгеріс енгізуге ұсыныс жасаған.