"Анаға тағзым" кешенінде өткен шара барысында қала әкімі Асхат Шахаров үздік ерікті жастарды марапаттады.
"Анаға тағзым" кешенінде өткен шара барысында қала әкімі Асхат Шахаров үздік ерікті жастарды марапаттады.
"Волонтер жылын" қорытындылау аясында қаланың белсенді 14 ерікті жасына қала әкімінің Алғыс хаты мен сыйлықтар тапсырылды.
"Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекетіміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған "Еріктілер жылының" қорытындысын шығарып, ең белсенді деген волонтерлерімізді марапаттау үшін жиналып отырмыз. Биылғы жылдың мән-маңызы да, сын-қатері де ерекше болды. Бүгінгі жастар - еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің мәртебесі. Елбасының 2019 жылды "Жастар жылы" деп, кейін Президенттің 2020 жылды "Еріктілер жылы" деп жариялауы мемлекетіміздің білімді әрі бәсекеге қабілетті, сонымен қатар жанашыр да қамқор ұрпақ тәрбиелеу ісіне айрықша мән беріп отырғандығының көрінісі. "Еріктілер жылы", өкінішке қарай, әлемдік пандемиямен қатар келді. Елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бастап 5 мыңнан астам отбасыға 70 миллион теңге шамасында азық-түлік жиынтығы мен басқа да материалдық көмек көрсетілді. Бұл індет біздің бірлігімізді, ынтымағымызды одан әрі нығайтты.
"Еріктілер жылы" білім беру, экология, медицина, мәдени-тарихи мұраны сақтау, қарттар мен балаларға қамқорлық көрсету, соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетуге арналған 7 жалпыұлттық жоба шеңберінде 200-ден астам шара өткізілді. Барлық бастамалардың жоғары дәрежеде жүзеге асуына өздеріңіз сияқты қайратты жастардың қосқан үлесі зор", - деді қала әкімі.
Асхат Шахаров "Антиковид-19" еріктілер қозғалысының мүшесі Бибігүл Жулинаға пәтер кілтін тапсырды. Бибігүл Жулина сауда өкілі болып жұмыс істейді, көпбалалы ана, сонысына қарамастан, жұмыстан, бала тәрбиесінен қолы қалт еткенде еріктілермен бірге мұқтаждарға көмектесіп, қолдауға зәру адамдарға қол ұшын созады.
"Бес жылдан бері еріктілер қатарындамын. Әлеуметтік желілерге көпбалалы аналарға қолдау көрсететін жеке парақшам бар. Өзім жатақханада тұрамын, айналамдағы жағдайы жоқ адамдарға қолдау қажеттігін көре отырып, үйде қол қусырып қарап отыра алмаймын. Көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты аналарға, басқа да мұқтаж азаматтарға қолдан келгенше көмектесеміз", - дейді ол.
Бибігүл Жулина 2016 жылдан бастап көпбалалы отбасы санаты бойынша үй кезегінде тұрғанын айтады.
"Дәл бүгін пәтер кілті тапсырылатынын білгенім жоқ. Бұйырса, жаңа жылға дейін көшіп алуға тырысамыз", - дейді қуаныштан көзіне жас алған Жулина.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!