Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің жұмысында өрескел заңбұзушылықтар анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің жұмысында өрескел заңбұзушылықтар анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап.
Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті профилактикалық бақылау кезінде университеттің білім беру саласындағы заңнама талаптарын орындамай отырғанын анықтады. Оқу орнына жүргізілген бақылау парағында 46 тармақтан 32 бұзушылық табылғаны жазылған.
Атап айтқанда, Ақтөбедегі Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттеріне лекцияны біліктілік талаптарына сай келмейтін оқытушылар оқиды. Мысалы, "Әуе көлігін пайдалану" мамандығы бойынша базалық білімі бар мұғалім "Мектепке дейінгі тәрбиедегі инновациялық технологиялар" және "Бастауыш мектепте тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі" пәндерінен сабақ береді. Ал дене шынықтыру пәнінің мұғалімі музыкалық өнердің теориясы мен әдістемесі бойынша сабақтар жүргізеді.
"Профилактикалық бақылау барысында Қазақ-орыс халықаралық университетінде соңғы 5 жылда бірде-бір ғылыми мақаласы жоқ оқытушылар магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік ететіні анықталды", - дейді Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Гүлжан Жарасова.
Сонымен қатар, студенттер мен оқытушылар туралы нақты деректер ҰБДҚ мәліметтеріне сәйкес келмейді. Деректер базасында 335 оқушы мен көптеген мұғалім туралы ақпарат жоқ.
Одан бөлек, университет студенттердің оқу жүктемесі мен оларды қорытынды аттестациядан өткізу талаптарын сақтамаған. Бакалавриат және магистратура студенттері академиялық кредиттерді толық көлемде игермеген.
Студенттердің білім нәтижесі де өте нашар, олардың 96 пайызы шекті деңгейден аса алмаған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!