Әл-Фараби даңғылындағы адам өліміне әкеп соққан жол апатына қатысты істі қарауға атышулы сот процестеріне қатысуымен танымал адвокат Гүлмира Бабажанова қосылды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әл-Фарабидегі жол апаты – сот
Үш адамның өмірін қиған әл-Фарабидегі жол апаты бойынша өтіп жатқан сот процесінде адвокат жәбірленуші тараптың мүддесін қорғайды. Ол бұған дейін жәбірленуші тарап - Mercedes-Benz жүргізушісінің отбасы қызметінен бас тартқан адвокаттар Олег пен Анна Черновтарды алмастырды.
Бабажанова процесске 12 маусымда қосылды, осы күні айыпталушыдан жауап алу жоспарланған болатын. Алайда ол іс материалдарымен танысу қажеттігін алға тартып, істі қарауды кейінге қалдыруды сұрады. Прокурор мен қорғаушы тарап бұған қарсылық білдірген жоқ.
Адвокат бұл іске қатысатынын Instagram желісіндегі оқырмандарына бірнеше сторис жариялау арқылы хабарлап үлгерді.
Сот әл-Фарабидегі жол апаты бойынша негізгі істі қарауды 15 маусымға қалдырды.
Атышулы процестер
Бабажанова Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша танымал. Ол сотталушылар Азамат пен Нұрбол Тоқтаубаевтардың мүддесін қорғаған.
Сондай-ақ ол Талғардағы тағы бір атышулы іс Хасан Қасымбаевтың сотында қорғаушылар тобы құрамында болды.
Отырыс кезінде Бабажанова процессуалдық заңбұзушылықтарды алға тартып, сотқа наразылық білдірген еді.
2025 жылғы 11 қарашада Алматы облысының Талғар аудандық сотында БАҚ "Хуторлық" ұйымдасқан қылмыстық тобының жетекшісі деп атайтын Хасан Қасымбаевқа қатысты үкім шықты.
Сот Хасан Қасымбаевты адам ұрлау, денсаулыққа қасқана ауыр зиян келтіру және бопсалау қылмыстары бойынша кінәлі деп таныды. Айыптар жиынтығы бойынша Қасымбаев 12 жыл бас бостандығынан айырылды. Сол кезде ол жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейтіні хабарланған болатын.
2025 жылдың күзінде Қасымбаевқа 12 жыл бас бостандығынан айыру үкімі кесілгеннен кейін, Бабажанова үкімнің заңсыз екенін мәлімдеп, шешімге апелляциялық шағым түсіру ниеті туралы айтқан еді.
2026 жылғы 12 ақпанда Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы Хасан Қасымбаев пен оның сыбайластарының шағымын қарады. Сот атышулы іс бойынша үкімді өзгеріссіз қалдырды.