Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты іс сотқа жолданады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты іс сотқа жолданады Әлеуметтік желілерден алынған фото

Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тергеу аяқталып қалды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тергеу аяқталып қалды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Іс қай кезеңде?

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, тергеу жұмыстары қорытынды кезеңге өтті.

"Алматыдағы жол-көлік оқиғасына қатысты іс аяқталу сатысында тұр. Жақын күндері материалдар танысу үшін зардап шеккен тарапқа, содан кейін күдікті мен оның қорғаушысына беріледі", - деді ол Мәжіліс кулуарында.

Содан кейін іс сотқа жолданады.

Әл-Фараби даңғылындағы қайғылы оқиға

21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесі қиылысында Zeekr көлігі жоғары жылдамдықпен қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes-ке соғылған.

Жол апаты салдарынан Mercedes-тің 29 жастағы жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмды.

Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылды. 26 наурызда тергеу соты оны қамауға алды. Ол апат кезінде жеңіл дәрежедегі мас күйде болғаны анықталды. 7 сәуірде күдікті ауруханадан тергеу изоляторына ауыстырылды, қылмыстық істі тергеу аяқталғанша сонда болады.

Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баптың санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Әлеуметтік желілерде жол апатына полиция қызметкері қатысқан көше жарысы себеп болуы мүмкін деген нұсқалар пайда болды, содан кейін тексеру мен қызметтік тергеу басталды. ІІМ Алматы полиция департаментінің бірқатар басшысын қызметтен шеттетіп, олардың бірінің жүргізушісі ұсталды.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов әлеуметтік желілердегі бейнежазбаға сүйене отырып, полиция қызметкерінің қатысы болуы мүмкін екенін айтты.

"Алматы полициясының жоғары лауазымды қызметкері жарысқа қатысты ма? Әл-Фарабидегі үш жастың өліміне әкеп соқтырған жарыс қатысушыларының бірі полицей болды деген күдік бар. Сондықтан бәрін жасырып жатыр. ІІМ-нен түсініктеме беруді сұраймын", - деп жазды Әбенов әлеуметтік желіде.

ІІМ реакциясы

26 наурызда ІІМ мәлімдеме жасады. Ведомство мәліметінше, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің бұйрығымен Алматы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігіне жетекшілік ететін орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.

Сондай-ақ ІІМ тергеудің мән-жайын хабарлады.

"Полиция департаменті басшылары бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеру және қылмыстық істер шеңберіне медиа кеңістікте тараған ақпараттарды қоса алғанда, барлық жағдай егжей-тегжейлі тексеріледі", - деп хабарлады ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.

Сондай-ақ ол мемлекеттік нөмір белгілерін заңсыз беру мүмкіндігі туралы уәждер бойынша өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғағанын айтты.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 463.41   543.53   6.16 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер