Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апаты бірнеше күннен бері желіде қызу талқыланып жатыр. Тағы бір адам ұсталғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ішкі істер министрлігі жаңа эпизод бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын хабарлады.
"Полиция департаменті басшыларының бірінің жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік дерегі бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қызметтік тексеріс пен қылмыстық істер аясында барлық мән-жай, соның ішінде медиа кеңістікте тараған ақпараттар мұқият тексеріледі", - деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Мән-жайы
21 наурызға қараған түні Алматыда бірнеше адамның өліміне әкеп соққан жол апаты болды. Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Mercedes пен Zeekr автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты.
Mercedes көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен екі жолаушысы – 20 және 22 жастағы қыздар оқиға орнында көз жұмды. Zeekr жүргізушісі аман қалып, түрлі жарақатпен ауруханаға түсті.
Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі "Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол жүрісі қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды. Баптың санкциясы 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.
Жаңа деректер
ІІМ ZEEKR автокөлігінің күдікті жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынғанын хабарлады. Бұл ретте апат кезінде оның жеңіл дәреже мас күйде болғаны нақтыланды.
Сонымен қатар, мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру ықтималдығы туралы уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаменті қылмыстық іс қозғаған.
"Ал мемлекеттік нөмірлік белгілердің заңсыз берілуі мүмкін деген уәждер бойынша Өзіндік қауіпсіздік департаментімен қылмыстық іс қозғалды", - деді Шыңғыс Әлекешев.
Сондай-ақ министрдің бұйрығымен Алматы Полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылды.
"Заңбұзушылықтар расталған жағдайда апат қатысушылары да, лауазымды тұлғалар да жауапқа тартылады", - деді ІІМ-нің өкілі.