12 қаңтар 2022 21:06

Әлем елдерінің басшылары Қазақстанға көңіл айтып жатыр

Дина Шарипханова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Фото: Tengrinews.kz Фото: Tengrinews.kz

Қазақстандағы қайғылы жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына көңіл айту жеделхаттары келіп түсіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.


Қазақстандағы қайғылы жағдайға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына көңіл айту жеделхаттары келіп түсіп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.

Қазақстандағы қайғылы оқиғалар кезінде көптеген адамның қаза болуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшыларынан, халықаралық құрылымдардың өкілдерінен көңіл айту жеделхаттары келіп жатыр.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет үшін шешуші сәтте жағдайды жедел өз бақылауына алып, батыл әрі нақты шаралар қабылдағанын жазған.

"Осыдан сіздің саясаткер және еліңіз бен халқыңыздың алдында зор жауапкершілік арқалаған тұлға ретіндегі ерлігіңіз көрінеді. Мен мұны жоғары бағалаймын! Қытай тарапы Қазақстанның тұрақтылығына нұқсан келтіретін, оның қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, Қазақстан халқының тыныштығын бұзатын кез келген күштерге және Қазақстанда саналы түрде хаос туғызып, "түрлі-түсті революция" жасайтын сыртқы күштерге батыл қарсы шығады. Қазақстан мен Қытай арасындағы достыққа сына қағуға және екіжақты ынтымақтастыққа кедергі келтіруге тырысатын кез келген әрекетке батыл қарсы тұрады", – делінген Қытай төрағасының жеделхатында.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев өзінің хатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына көңіл айтып, еліміздегі бейбітшілікті сақтау жолында қаза тапқан қайсар ұландардың жақындары мен туыстарының қайғысына ортақтасатынын айтқан.

"Бауырлас Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жолындағы Сіздің батыл күш-жігеріңізді толық қолдайтынымызды тағы да нақтылағым келеді", – делінген Өзбекстан көшбасшысының жеделхатында.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жолдаған жеделхатында Қазақстанда болған қайғылы оқиғаларды зор күйзеліспен қабылдағанын атап өтіп, Қырғызстан халқының және жеке өзінің атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына көңіл айтқан.

"Мызғымас достық, тату көршілік және өзара сыйластыққа негізделген халықтарымыздың көп ғасырлық ортақ тарихи, рухани және мәдени байланыстарын ескере отырып, Қырғызстан Қазақстан Республикасын қашанда ниеттес, сенімді көрші әрі стратегиялық әріптес ретінде қолдайды", – делінген Қырғызстан басшысының жеделхатында.

Беларусь президенті Александр Лукашенко көптеген адамның құрбан болуына және ғимараттардың қирауына әкеп соқтырған содырлар тобының елімізге жасаған шабуылы халықаралық терроризмнің әлемге зор қауіп төндіретінін тағы да көрсетті деп жазған.

"Экстремистердің түпкі мақсаты – көпұлтты Қазақстандағы жағдайды тұрақсыздандыру, елде хаос орнатып, Конституцияға қарсы төңкеріс жасау және саяси бағдарды өзгерту үшін бауырлар арасында соғыс отын өршіту екені айқын", – деп жазды Беларусь басшысы.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, сондай-ақ БҰҰ Өркениеттер Альянсының жоғарғы өкілі Мигель Анхель Моратинос және басқа да тұлғалар қолдау білдіріп, көңіл айтты.

Ақорда сайтында, жеделхаттар әлі де келіп түсіп жатқаны айтылды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 444.26   490.7   4.83 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети