Әлемде мұнай бағасының өсуіне байланысты Қазақстанда жалақыны индекстеу үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болуы мүмкін. Бұл туралы вице-премьер Қанат Бозымбаев айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бозымбаевтың айтуынша, мұнай-газ секторы табысының артуы республикалық және жергілікті бюджеттерге оң әсерін тигізуі мүмкін.
"Мұнай-газ компанияларымыздың табысы айтарлықтай өседі. Бірақ, өздеріңіз білесіздер, оның басым бөлігі Ұлттық қорда жинақталады. Бұл "голландиялық аурудың" алдын алу үшін жасалған", - деді Бозымбаев.
Вице-премьер кейбір компаниялар баррель құнына байланған экспорттық кеден алымын төлейтінін еске салды. Тиісінше, баға өскен кезде бюджетке түсетін түсімдер де артады. Қазынадағы қосымша табыс халықтың табыс деңгейіне де әсер етуі мүмкін.
"Компаниялар көбірек табыс тауып, жалақыны көтере алады. Тиісінше, аударымдар - табыс салығы, әлеуметтік төлемдер бюджетті толтырады. Содан кейін жалақыны индекстеу бойынша шешім қабылдауға мүмкіндік туады", - деді ол.
Бұл ретте Бозымбаев мұнай бағасының өсуінен тұрақты әсер күтуге әлі ерте екенін айтты.
"Әзірге асығыс болжам жасауға ерте. Біз Таяу Шығыстағы жағдайды жіті бақылап отырмыз. Егер қақтығыс реттелсе, баға өте тез кері шегінуі мүмкін", - деді ол.
Сондай-ақ ол стратегиялық резервтердің босатылуы мұнай құнына әсер етіп жатқанын қосты.
"Көптеген ел өз резервтерін ашты, нарыққа мұнайдың үлкен көлемі шықты. Бұл бағаны тұрақтандырады. Спекулятивті факторлар да бар, сондықтан байсалдылық танытып, жоспарлы режимде әрекет ету керек", - деп түйіндеді вице-премьер.
Шенеуніктің айтуынша, "қара алтын" бағасы жоғары деңгейде сақталған жағдайда, қосымша табыс бәрібір әртүрлі деңгейдегі бюджеттерге түседі.
Еске сала кетейік: АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы фонында кеше әлемдік мұнай бағасы кезекті межеден асты. Кеше Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 116 доллардан жоғары көтерілді.