Әлеуметтік сауалнама: қазақстандықтардың 86 пайыздан астамы Президентке сенеді

Әлеуметтік сауалнама: қазақстандықтардың 86 пайыздан астамы Президентке сенеді Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы

Қазақстандықтардың 86 пайыздан астамы Президентке сенеді. Мұндай мәліметтерді Sarap сарапшылар клубының отырысында Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) ұсынды. Жиында екі әлеуметтік зерттеудің нәтижелері жарияланды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"2026 жылғы электоралдық ландшафт және сайлау тенденциялары: қоғам не күтеді" тақырыбындағы отырысқа сарапшы-академиялық қауымдастық өкілдері, ғылыми-зерттеу институттары мен талдау ұйымдарының басшылары, жетекші жоғары оқу орындарының докторанттары мен магистранттары қатысты.

Қатысушылар жаңа Конституция жағдайында Құрылтай сайлауы қарсаңындағы қоғамдық үміт, партиялық құрылымдар рөлінің күшеюі және азаматтардың сайлау үдерістеріне қатысу белсенділігінің артуын талқылады.

Жарнама
Жарнама

Сауалнама нәтижесі нені көрсетті?

ҚҚДИ-дың "2026 жылдың ІІ тоқсанындағы қоғамдық-саяси ахуал" (2400 респондент) және "Қазақстандықтардың саяси бағдарлары" (1200 респондент) атты зерттеулері ұқсас нәтижелерді көрсетті.

Институт мәліметіне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 86,9 пайызы Қазақстан Президентіне сенеді. ҚҚДИ бұл сенім деңгейі барлық жас топтарына тән екенін атап өтті.

Бұдан бөлек, респонденттердің 84,1 пайызы елдегі қоғамдық-саяси жағдайды қолайлы немесе тұрақты деп бағалады. Салыстырмалы түрде айтсақ, бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 70,4 пайыз болған еді.

Қазақстандықтардың оптимизмі артты

"Сауалнама қоғамдағы оптимистік көңіл күйдің нығайғанын көрсетеді. Өз көңіл күйін өте жақсы немесе бірқалыпты деп бағалаған азаматтардың үлесі 88,5 пайызға дейін артса, алаңдаушылық сезінетіндердің үлесі 15,2 пайыздан 11,5 пайызға дейін төмендеген. Өмірге қанағаттану деңгейі 85,8 пайызға жетті", - делінген хабарламада.

Сауалнамаға қатысқандардың жартысынан астамы (50,5 пайызы) соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын жеткізген. Тағы 60,1 пайызы алдағы жыл ішінде оң өзгерістер болады деп күтеді.

Қазақстан жастары не ойлайды?

Жастардың оң көзқарасы айқын әрі орнықты. 18-28 жас аралығындағы қазақстандықтардың 87,1 пайызы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды қолайлы немесе тұрақты деп бағалайды. Бұл барлық жас топтары арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, жастар болашаққа барынша оптимистік көзқарас танытады: жас респонденттердің 65,6 пайызы алдағы бір жыл ішінде өз өмірінің жақсаратынын күтеді.

Қазақстандықтар сайлауға баруға дайын ба?

"Қазақстандықтардың саяси бағдарлары" зерттеуінің нәтижелері бойынша респонденттердің 75,1 пайызы алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Сауалнамаға қатысқандардың 37,6 пайызы сайлауға қатысуға нық ниетті екенін білдірсе, тағы 37,5 пайызы "Иә деуге болады" деген жауапты таңдаған, яғни олар сайлауға ықтимал түрде баруға дайын.

"Сайлауға қатысуға дайындықтың ең жоғары деңгейі аға буын өкілдері арасында байқалады (80,7 пайыз), ал жастар арасында бұл көрсеткіш 69,4 пайыз болады. Жоғары білімі бар азаматтар мен ауыл тұрғындары да сайлауға қатысуға жоғары деңгейде дайын екенін көрсетіп отыр", - делінген хабарламада.

Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар алдағы Құрылтай сайлауы елдің саяси жүйесі дамуының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Ол Қазақстандағы өкілді билікті одан әрі институттандыру перспективаларын айқындайтын қоғам зор үмітпен күтетін негізгі оқиғалардың бірі.

Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңа Конституция күшіне енді. Сонымен қатар Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттардың өкілеттігі аяқталды. Жаңа Конституцияға сәйкес, елде екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы орган – Құрылтай жұмыс істейтін болады.

Жаңа заң шығарушы орган депутаттарының сайлауы 23 тамызға белгіленді. Тиісті жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды. Сайлауға 7 саяси партия қатысады.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама