Алматыда 2025 жылғы тұрғын үй саясатыніске асыру қорытындысы жарияланды. Брифинг барысында баспана бөлу тетіктеріндегі өзгеріс, жастарды қолдау бағдарламаларын кеңейту, кезектің өсуі және жалдамалы пәтерлерге бақылауды күшейту жайы айтылды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.
Әкім орынбасарының айтуынша, кезек жүйесі "Отбасы банкке" берілгеннен кейін өтініш берушілер саны 80 870 адамға жетті, бұл жылдың басымен салыстырғанда 36 мыңға көп. Бұл өзгерістер бірнеше талаптың жаңаруымен байланысты: ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға үш жылдық тіркеу талабының жойылуы, табыс бойынша шектің болмауы және Алматыда тұратын барлық кәмелет жасына толған азаматтың кезекке тұра алу мүмкіндігі.

Жыл соңына дейін қалада Алатау және Түрксіб аудандарындағы жаңа тұрғын үйлерден 876 пәтерді тапсыру аяқталады. Бөлу 70/30 қағидаты бойынша жүргізіледі: 70 пайыз – ардагерлерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, көпбалалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға беріледі. Қалған 30 пайыз – аталған санаттарға кірмейтін азаматтарға бөлінеді.

Әсіресе, заңсыз қосымша жалға беру фактісіне баса назар аударылды. Жастарға арналған жалдамалы пәтерлерді тексеру барысында 160 заңсыз жалға беру жағдайы анықталды. Оның ішінде 145 пәтер өз еркімен босатылды, қалған 15-і бойынша сот рәсімдері жүріп жатыр.

Брифингте Алмасхан Сматлаев "Алматы жастары" бағдарламасының тиімділігін атап өтті. Бағдарлама іске қосылғаннан бері 8 228 жеңілдетілген несие, оның ішінде 2 177-і биыл берілді. Жалға алушыларды қолдау үшін қосымша 200 жеңілдетілген несие қоры қалыптастырылды. Бұдан бөлек, 2025 жылы 48 тұрғын үйдің сертификаты берілді, ал 639 отбасы пәтерақыға субсидия алып отыр.

"Біздің мақсатымыз – әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету. Біз бақылауды күшейтіп, бағдарлама аясын кеңейте береміз және жастар мен әлеуметтік осал отбасыларға баспана алу немесе жалға алу үшін нақты мүмкіндіктер жасаймыз", – деді Алмасхан Сматлаев.