Қыркүйекте Алматы муниципалдық автопарк автобустарына қосылған банк және ұялы операторлар қосымшасы арқылы жолақы төлеу мүмкіндігі өшірілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қыркүйекте Алматы муниципалдық автопарк автобустарына қосылған банк және ұялы операторлар қосымшасы арқылы жолақы төлеу мүмкіндігі өшірілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
SMS-хабарлама немесе бірыңғай QR-код арқылы 2016 жылдан бері Алматы автобустарында жол жүру ақысын төлеу бойынша қызмет көрсететін SMSBus компаниясы 7 қыркүйектен бастап "Алматыэлектротранспен" ынтымақтастық туралы келісімге қолжеткізгенін мәлім етті. Онда қаладағы қоғамдық көліктердің 60 пайызы тіркелген.
Қалалық автобус пен троллейбустың көпшілігінде банк қосымшасы арқылы сканерлеуге болатын QR-код, сондай-ақ барлық ірі ұялы байланыс операторларының қосымшалары пайда болды. Бірақ жағдай тез өзгерді. SMSBus компаниясы көлік салондарында олардың QR-коды алына бастағанын хабарлады.
"Тамызда әкімдік өкілдері қатысқан Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің Көлік комитетінің отырысы өтті. Онда бәрі қаладағы көлік паркін біздің жүйеге қосу туралы ұсынысты қолдады. Бұған дейін біз тек жеке автопарктермен жұмыс істедік. 7 қыркүйекте автопаркпен келісімге қол қойдық, шарттар барлық тараппен мақұлданды, автобустар мен троллейбустарға QR-код орнатуды бастадық. Кенеттен жағдай өзгерді, біз себебін білмейміз. Тасымалдаушы QR-код жапсырмаларын алып тастауды тапсырған. Бұл жапсырмалар "Алматыэлектротранс" үшін арнайы дайындалған, біз оларды 1200 автобус пен троллейбусқа жапсырдық. Нәтижесінде біздің шығын шамамен екі миллион теңге болып тұр", - деді SMSBus ЖШС директоры Алексей Беседин.
Бесединнің айтуынша, мұндай жағдай 2018 жылы да болған. Олар QR-коды арқылы төлемді бастағанда, барлық жапсырма қағаздар алып тасталған. Алексей Беседин олардың жүйесі ONAY-ға тәуелсіз жұмыс істейді, дегенмен, олар да Транспорт холдингі сияқты, әкімдікке жіберетін тасымалдаушыларға жолаушылар тасымалы туралы деректерді жіберетінін айтты. SMSBus сұраулары бойынша тасымалдаушыларға субсидия төлеу жалғасқан.
Қазір бұл қызмет Алматыдағы барлық жеке тасымалдаушыда жұмыс істейді, олардың QR-коды 2300 автобуста бар. Алайда компания директорының айтуынша, егер жеке автопарктерге SMSBus арқылы операция үшін субсидия төлеуді тоқтатса, олар да қызметті өшіре алады.
Алматы әкімдігі жағдайға қатысты пікір білдірді. Олар SMSBus жүйесін алып тастау тапсырылғаны туралы айтпады. Дегенмен, қалалық мобильділік басқармасы қоғамдық көлікте төлем тек бір оператор - ONAY электрон билет жүйесі арқылы жүзеге асатынын айтты. Департамент "Алматы қаласының көлік холдингі" жүйесі арқылы жол жүру ақысын QR-код, ONAY мобильді қосымшасы, SMS және USSD коды және ұялы байланыс операторларының балансы арқылы да төлеуге болатынын айтты.
Бүгінде көлік холдингі 2,3 миллионнан аса бірыңғай көлік пен 913 мың жеңілдік картасын сатқан. Сондай-ақ ONAY білім беру мекемелерінде және басқа салаларда жұмыс істейді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!