2017 жылы Алматы-Қапшағай жолы ақылы болады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне инвестициялық даму министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты.
Ол 2015 жылдың соңына дейін аталмыш жолдарды күрделі жөндеудің аяқталатынын да еске салды.
2017 жылы Алматы-Қапшағай жолы ақылы болады. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісіне инвестициялық даму министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты.
Ол 2015 жылдың соңына дейін аталмыш жолдарды күрделі жөндеудің аяқталатынын да еске салды.
Бұдан бұрын белгілі болғандай Алматы – Қапшағай трассасының өту жолының 63 километрін 6 жолақты, ал қалған 41 километрін 4 жолақты етіп қайта жаңғырту жоспарлануда. Жол цемент-бетон жамылғысы бар I техникалық санат нормативтері бойынша салынады. Жалпы құрылыс жұмыстарын 2016 жылы аяқтау жоспарланған.
"Жолды ақылы ету 2017 жылы жүргізіледі. Әрине міндетті түрде жылдың басында емес" дейді Қасымбек.
Оның айтуынша, аталмыш жолдың құны Астана-Бурабай ақылы жолымен деңгейлес болуы мүмкін. "Қазавтожолдың" келтірген деректеріне сүйенсек, Алматы-Қапшағай авто-жолында тәулігіне 30 мың автокөлік жүріп өтеді.
Ал инвестициялық даму министрлігінің мәліметінше, 2014 жылы Астана-Бурабай ақылы жолынан 1 миллиард 200 миллион теңге пайда түседі. Жеңіс Қасымбек бұл жолдарды ақылы ету өзін-өзі ақтайтынын және ақылы жолдардан түскен қаржымен өзге аймақтардағы жолдарды жөндеуге мүмкіндік ашылатынын алға тартып отыр.
"Біз жобаны үйлестіре алдық деп ойлаймыз. Осыған орай болашақта ауқымды жолдарды ақылы етуді жоспарлап отырмыз. Бұл Қапшағай, Теміртау және Павлодар бағытындағы жолдар" дейді министрдің орынбасары.
Бұған қоса министрліктің өкілі Алматы облысындағы басқа да жол құрылыстары жөнінде айтты. Оның мәліметінше, Алматы-Қорғас бағытындағы Батыс-Қытай-Батыс-Еуропа дәлізіне апаратын жол құрылысы 2016 жылы аяқталады. Жолдың ұзақтығы 305 шақырым. Жеңіс Қасымбек "жол құрылысының Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысындағы бағыты аяқталуға жақын. Шымкент және Жамбыл облысындағы жол аумағын келесі жылы бітіреміз" дейді.
Еске салайық, бұған дейін халықаралық бағыттағы көлік қозғалысы 2015 жылдың соңында аяқталады делінген болатын. Сондай-ақ Жеңіс Қасымбек Алматы-Астана жолындағы "Құрты-Бұрұбайтал" жолының да күрделі жөндеуден өтетінін сөз етті. "Келер жылдың соңында бұл жолдарды жобалау жұмысы басталады. Құрылысты аяқтау мерзімі 2016-2017 жылдар аралығы" деді ол.
Алматы-Қапшағай трассасы төрт учаскеге бөлінеді. Жаңғырту ісіне бес миллиард теңге бөлінген. Айта кету керек, министрлік Қапшағайдан Талдықорғанға дейінгі жолдарды 2015 жылы аяқтауды жоспарлап отыр. " Арқарлы учаскесіндегі жолдарды жөндеу әлі аяқталмады. Келесі жылы бұл жолдарды жөндеу тәмамдалады. Бұл учаскелердегі жолдарды ақылы ету жоспарда жоқ" деді Жеңіс Қасымбек.