Алматы метросында 2024 жылғы трагедиядан кейін 8 миллиард теңгеге платформалық есіктер орнатылады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматы метросында 2024 жылғы трагедиядан кейін 8 миллиард теңгеге платформалық есіктер орнатылады «Метрополитен» КМК фотосы

Алматы метросында 8 миллиард теңгеден астам сомаға платформалық есіктер орнату жоспарланып отыр. Бірінші кезекте 2024 жылдың желтоқсанында зағип ер адам рельске құлап қайтыс болған станция жабдықталады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Алматы метросында 8 миллиард теңгеден астам сомаға платформалық есіктер орнату жоспарланып отыр. Бірінші кезекте 2024 жылдың желтоқсанында зағип ер адам рельске құлап қайтыс болған станция жабдықталады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Жоба қай кезеңде?

Редакцияның ресми сауалына жауап берген "Метрополитен" КМК компания мемлекеттік сатып алу порталы арқылы қызмет көрсетушіні іздестіріп жатқанын мәлімдеді.

Мердігер конкурс қорытындысы бойынша анықталады.

"Платформалық есіктерді орнату жобасы мемлекеттік сатып алу порталында талқылау кезеңінде тұр. Мердігер мемлекеттік сатып алу порталындағы конкурс аяқталғаннан кейін анықталады", – деді компания.

Қай станциялар бірінші жабдықталады және құны қанша?

Метрополитен өкілдері бірінші кезекте "Абай", "Райымбек батыр", "Байқоңыр", "Бауыржан Момышұлы" және одан кейінгі станциялар жабдықталатынын айтты.

"Орнату кезектілігі жолаушылар ағынына қарай айқындалады", – деп толықтырды компания өкілдері.

Метродағы қорғаныс есіктеріне бюджеттен 8,2 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді.

"Құрылыстың жиынтық-сметалық есебіне сәйкес жобаның құны 8 276 940 524 теңгені құрайды. Барлық станцияда платформалық есіктерді орнату жұмыстарын 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланған", – деп хабарлады компания.

Жаңа станцияларда платформалық есіктер бола ма?

Мемлекеттік сатып алу порталының мәліметтеріне сүйенсек, жобаның техникалық сипаттамасында қазір жұмыс істеп тұрған 11 метро станциясына платформалық есік орналастыру көзделген.

Анықтама: Қазіргі уақытта Алматы метросының бірінші желісі "Бауыржан Момышұлы" станциясынан "Райымбек батыр" станциясына дейінгі жалпы ұзындығы 14,3 шақырымды құрайтын 11 станциядан тұрады.

Сонымен қатар құрылысы жүріп жатқан метро станцияларында әзірге платформалық есіктер орнату жоспарланбаған. Дегенмен, метрополитен өкілдері болашақта барлық станция бірыңғай қауіпсіздік стандартына келтірілетініне сендірді.

"Жобалық құжаттамаға жаңа станциялар енгізілмеген, бірақ платформалық есіктерді орнату қарастырылады", – деп хабарлады компания.

Есіктердің сыртқы түрі қандай болады?

Метрополитен өкілдері платформалық есіктердің жобалық құжаттамасы мен эскиздері дайындалып, бекітілгенін мәлімдеді. КМК болашақ қорғаныс қоршауының рендерін көрсетті.

"Метрополитен" КМК фотосы

"Платформалық есіктерді орнату" бойынша бекітілген жобалық-сметалық құжаттама бар. Барлық техникалық сипаттама сонда жазылған", – деп түсіндірді ведомство өкілдері.

Қайғылы оқиғадан кейінгі уақытша шаралар

2024 жылы 10 желтоқсанда "Абай" станциясында 26 жастағы зағип ер адам рельске құлап, қаза тапты. Жолаушылар вагондарды шайқап, оны құтқаруға тырысқанымен, нәтиже болмады.

Осыдан кейін, 2025 жылдың қаңтар айының соңында метро станцияларында темір қоршаулар орнатылды. Бұл шешім қала тұрғындарының арасында түрлі пікір тудырды.

Әлихан Сариевтің фотосы / Тengrinews.kz

Қоршаулар платформалардағы вагондардың арасындағы бекітпелерге қарама-қарсы орналасқан. Олар құрам тоқтаған кезде жолаушылардың жолға құлап кетуінің алдын алуға арналған.

Әлихан Сариевтің фотосы / Тengrinews.kz

Ақпан айынан бастап олардың орнына жарнамалық баннерлер түріндегі жаңа уақытша конструкциялар орнатыла бастады. Алғашқы болып "Райымбек батыр" станциясы жабдықталды, кейінірек қоршаулар басқа станцияларда да пайда болды.

Фото: Тengrinews.kz / 2026 жылғы сәуір
Фото: gov.kz

Сол кезде метрополитен өкілдері бұл конструкциялар жолаушыларды қорғауға арналғанын және сонымен бірге жарнама үшін пайдаланылуы мүмкін екенін түсіндірді. Барлық жұмыс бюджет қаражатын тартпастан, кәсіпорынның өз қаражаты есебінен қаржыландырылған.

Сонымен қатар бұған дейін әкімдік платформалық есіктердің бәрібір орнатылатынына сендірген болатын. Алайда арада екі жылға жуық уақыт өтсе де, жоба әлі де талқылау сатысында қалып отыр. Редакция жағдайды бақылауды жалғастырады.

Tengrinews
Читайте также

Валюта бағамы

 464.73   543.38   6.16 

 

Ауа райы

Алматы

 

Редакция Жарнама
Әлеуметтік желілер