Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылының 20 жастағы тұрғыны жансақтау бөлімінде үшінші дәрежелі күйік алған. Оқиғадан кейін медициналық мекемеде қызметтік тексеру басталып, зардап шегушінің туыстары полицияға арыз жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы облысы Қарасай ауданы Абай ауылының 20 жастағы тұрғыны жансақтау бөлімінде үшінші дәрежелі күйік алған. Оқиғадан кейін медициналық мекемеде қызметтік тексеру басталып, зардап шегушінің туыстары полицияға арыз жазды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, эпилепсияға шалдыққан 20 жастағы Сұлтан Оршабеков ұстамасынан кейін ауруханаға түскен. Айтуынша, жедел жәрдем келіп, оны ауруханаға жатқызып, дәрі қабылдағаннан кейін өзін жақсы сезінетініне сендірді. Бірақ жағдайы нашарлап, біраз уақыттан кейін жас жігіт жансақтау бөліміне жатқызылған.
"Оянсам, оң жағым ашиды. Не болды деп қарасам, күйіп қалыпты. "Шайға өзің күйіп қалдың, жылы шай әкелгенде, ыстығын сұрадың" деп түсіндірді", - дейді ол.
Алайда Сұлтанның анасы Бақытгүл Оршабекова "ыстық шайдан 3-дәрежелі күйік алады" дегенге сенбейтінін айтады.
"Қалай ыстық шайға күйдіріп алады? Неге оның аузы мен қолы күймейді? Қалай тек іші күйді?! Шай төгілсе, 3-дәрежелі күйік алады деген миға сыймайтын әңгіме сияқты. Білмеймін. Қорқып қалдық. Жансақтау бөлімінде осылай істесе, басқа бөлім не істемейді?", - деді Сұлтанның анасы.
Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Максим Стадников кінәліні Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің тексеру тобы анықтайтынын айтты.
"Науқас жансақтау бөлімінде жатқанда денесін күйдірді. Үстіне ыстық шай төгілген. Қазір тексеру жүріп жатыр. Оқиғаға қатысты дәрігермен сөйлестік. Ертең Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің тексеру тобы келуі тиіс. Олар толық тексеріс жасап, кімнің кінәлі екенін анықтайды", - деді Максим Стадников.
Сұлтанның анасы бұл оқиғадан кейін экспертиза жасауды талап еткен. Оның айтуынша, сол сәтте дәрігерлер қарсы болған көрінеді. Сондықтан ұлын ауруханадан шығарып алып, полицияға арыз жазған.
"Бұл дерек полиция басқармасында тіркелді. Материалдар жинақталып, экспертиза тағайындалды. Оқиға ауруханада болғандықтан іс Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды. Істің толық мән-жайы тексеру жұмыстарының нәтижесі шыққанда ғана анықталмақ. Әзірге Сұлтан жарасын өзі танып, ем-домды үйінде алып жатыр", - деді Қарасай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Арман Талқамбаев.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!