Алматы облысында жылу бағасына қатысты дау шықты, - деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".
Алматы облысында жылу бағасына қатысты дау шықты, - деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".
Телеарнаның мәліметінше, Жаркентте "Жұмыспен қамту" бағдарламасымен пәтер алған тұрғындар тарифтің қымбаттағанына наразы. Тұрғындардың айтуынша, жылу үшін 35 мың теңгеге дейін төлеу керек болып жатыр.
Тұрғындар айына 1 бөлмелі үй 15 мың теңге төлесе, 2 бөлмеге 25 мың, ал, 3 бөлмелі алғандар 35 мың теңгеден төлеп отыр. Мұндай баға еліміздің ешбір қаласында жоқ шығар дейді тұрғындар. Тіпті кейбірінің пәтері жылынбайтындықтан, электр жылытқышын қосып отыр екен.
"Төлемесеңіздер сотқа береміз деп қорқытты. Сөйтіп айтты. Сонан кейін төлеп тастадым 2 айдікін. Енді 3 айдың төлемі 19 000 теңге деп шығарып беріпті қағазын. 19 мыңды қайдан табам мен? Үйім тастай ғой. Мына жылытқыш түнімен қосылып тұрады", - дейді Жаркент қаласының тұрғыны Ғалия Байтілесова.
Сондай-ақ, телеарнаның мәліметінше, шығынды азайтамыз деп, әр пәтер 40 мың теңгеден қаржы жинап, пешті де ауыстырыпты. Өткен қыста жұмысшы жалдап, от жаққанда айына 5-10 мың теңгеден төлегенін айтады. Ал енді осы маусымда қазандықты "Панфилов су құбыры" мекемесінің балансына өткізіп беріп, қымбатшылыққа ұрынып отыр.
Ал әкімдіктегілер шығын көлемі 8 миллион 800 мың теңге шамасында екенін алға тартты. Әрі бұл тарифті өздері емес, арнайы мекеме бекітіп беріпті.
"Бізде антимонпольный комитетпен келісілген тариф. Ол жерде 4 адамның жалақысы, 198 тонна көмірдің ақшасы. Электр энергиясы. Бұл жерде насоспен су алады және жаңағы cалық", - дейді Панфилов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Тазабеков.