Қазақстанның Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Алматы облысы Жамбыл ауданындағы ауылдардың бірінде болған жетінші сынып оқушысына қатысты жантүршігерлік оқиғаға пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болған?
Бұған дейін желіде әйелдің өңірдегі мектептердің бірінде басшылықты айыптаған видеосы тараған еді. Ол директорға видео көрсетіп, жетінші сыныпта оқитын жетім қызға қатысты оқиғаға түсініктеме беруін талап етеді.
Сондай-ақ кәмелетке толмаған қызға қатысты қорлық көрсетілген кадрлар желіде тарап, көпшіліктің ашуын тудырды.
Білім бөлімінің пікірі
Жамбыл ауданы білім бөлімінің мәліметінше, оқиға 21 қыркүйекте мектептен тыс жерде болған. Мектеп директоры бұл туралы 13 қазанда біліп, бірден құқық қорғау органдарына хабарлаған.
Бөлім өкілдері бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 124-бабы 1-бөлігіне сәйкес ("Он алты жасқа толмаған адамға қатысты зорлық-зомбылық қолданбай азғындық әрекеттер жасау") қылмыстық іс қозғалғанын айтты.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің пікірі
Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Instagram-парақшасында осы оқиғаға қатысты пікір берді.
"Жеті кәмелетке толмаған бала анықталды. Тергеу жүріп жатыр. Аймақтық бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен психологиялық қолдау орталығының қызметкерлері дүйсенбіден бастап оқиға орнында жұмыс істеп жатыр", — деп жазды Зәкиева.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!