Алматы облысында пеш жарылып бүтін бір отбасы далада қалды. Оқыс оқиға кезінде пәтер иесі үйінде болыпты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Алматы облысында пеш жарылып бүтін бір отбасы далада қалды. Оқыс оқиға кезінде пәтер иесі үйінде болыпты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқыс жағдай кешкі асты дайындау кезінде болған. 30 жастағы әйел денесін қатты күйік шалып, ауруханада жатыр. 7 жасар ұл бала да зардап шеккен. Қазір екі бөлмелі баспана тұруға мүлдем жарамсыз болып қалған. Ал жергілікті әкімдік болған жайтқа үй иелерінің өзін кінәлайды. Өйткені пештерін уақытында тазаламаған дейді.
Үй иесінің айтуынша, осы пешпен үйін жылытып, күнделікті асын пісіріп жүрсе де, ешқандай ақауды байқамаған.
"Балаларым аман, бірақ денелерін күйік шалған. Пешті биыл жаңартып салғанмын, құдығының бәрі таза, тартуы жақсы болған. Мойнымда несием бар, үйді қалпына келтіруге шамам жоқ", - дейді Қанат Нұрқожаев.
Жарылыстан 7 жасар ұлы мен 30 жастағы отанасы зардап шеккен. Шырын екінші дәрежелі күйік деген диагноз қойылып, қазір ауруханада жатыр.
"Мен далаға ұшып кеттім. Есімді жисам үстіме қабырға құлаған", - дейді Шырын Нұрходжаева.
Жиған-тергенінен бір сәтте айырылған отбасы үш баласымен қазір көршілерінің үйінде түнеп жүр. Ал жергілікті атқамінерлер жарылыс бола сала оқиға болған жерге келгенімен, болған жайтқа пештің тазаланбауы себеп дейді.
"Көмір жаққан кезде құдығы бітеліп қалған. Бітелген жағына газ жиналып жарылыс болған. Үй жарамайды енді, қайта тұрғызу керек. Он күннің ішінде көмек көрсетіледі", - дейді ҚазЦИК ауылдық округінің бас маманы Саят Бірімжанов.
Осылайша жергілікті билік опырылған баспаны бұзып, орнына жаңа үй салып беруге көмектесеміз дейді. Ал екеуі де жұмыссыз ерлі-зайыпты болса жомарт жандарға алақан жаюға мәжбүр. Төтенше жағдайлар қызметі қайғылы жағдайлар қайталанбауы үшін қатты отынмен жылытылатын үйлердің пешін тексеруді тағы бір ескертті.
Дереккөз: КТК