ПОДЕЛИТЬСЯ
21 маусым 2021 | 14:02
Алматы облысындағы мектеп дәретханасы Қазнетті ашуландырды
Алматы облысындағы мектеп әжетханасы Қазнет қолданушыларын ашуландырды. Әкімдік оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы облысындағы мектеп әжетханасы Қазнет қолданушыларын ашуландырды. Әкімдік оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бейнежазбаны Алматы облысының тұрғыны Сандуғаш Дүйсенова жариялаған. Автордың айтуынша, видео Панфилов ауданындағы Қырыққұдық ауылында түсірілген.
Ол жазбада білім және ғылым министріне үндеу жасаған.
"Жаңа әжетханалар салған, бірақ балаларды кіргізбейді. Не үшін екенін білесіз бе? Ауылда су жоқ! Бар, алайда жеке адамдардың қолында. Суды таңғы 9:00-ден 12:00-ге дейін ғана береді", - дейді Сандуғаш Дүйсенова.
Бейнежазбадан бірнеше шұңқыры бар ағаш әжетхананы көруге болады.
Алматы облысы Панфилов ауданының баспасөз қызметі өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Мектептің іргетасы 1985 жылы қаланған. 2020 жылы мектеп ішінде жалпы соммасы 3 миллион 526 мың теңгеге әжетхана салынды. Мектепте су орталық жүйеге қосылған. Ауылдағы ауыз су мәселесіне тоқталсақ, мектепке су күнделікті 10:00-14:00 аралығында беріледі. Қосымша 1 тонналық су жинағыш бар. Су мектеп қажеттілігіне жеткілікті. Ескі әжетханалар жаңа оқу жылы басталғанша министрлік тапсырмасымен алып тасталады", - деп мәлімдеді Алматы облысы Панфилов ауданының баспасөз қызметіндегілер.
Сонымен қатар мекеме мектеп ішіндегі әжетханалардың суретін көрсетті.
Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім беру орындарына қойылатын талаптарды қайта қарастырып, далада орналасқан әжетханаларға тыйым салуды ұсынған.
Еске сала кетейік, 2019 жылы Тараздағы мектептердің бірінде 12 жастағы қыз зорланған еді. Жетінші сынып оқушысы география сабағында даладағы әжетханаға сұранып, сол жерде зорлық көрген.
Бейнебақылау камерасынан қылмыскердің мектепті бірнеше сағат айналып жүргенін көруге болады. Дегенмен оқу орнының қызметкерлері күдікті ер адамға назар аудармаған. Бұл оқиғадан кейін мектеп директоры, директордың орынбасары, мұғалім мен мектеп вахтері жұмыстан шығарылды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мектептегі оқиғаға байланысты Тараз қаласының әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатуды тапсырды. Облыс әкіміне ескерту жасалды. Қайрат Досаев қала әкімі қызметін 24 сәуірге дейін жалғастырды.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда "ВКонтакте" желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также