ПОДЕЛИТЬСЯ
16 қаңтар 2022 | 20:47
Алматы полициясының басшысы шабуылдар кезінде қайда болғанын айтты
Алматы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов тәртіпсіздіктер кезінде Полиция департаменті ғимаратында болғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов тәртіпсіздіктер кезінде Полиция департаменті ғимаратында болғанын айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, 6 қаңтарға қараған түні содырлар Полиция департаментін, Алмалы, Жетісу, Әуезов, Бостандық аудандық бөлімшелерін және жергілікті полиция қызметі ғимаратын басып алуға әрекет жасаған.
"Осыған байланысты ғимаратты қорғау, сондай-ақ қару-жарақты ұрлауға жол бермеу үшін табельдік қаруды қолдана отырып, шабуылдарға тойтарыс беру туралы арнайы жоспар енгіздім. Өзім де Полиция департаментінде болдым. Ғимаратты басып алуға 27 рет әрекет жасалғанын көрдік. Техника мен арнайы тәсіл қолданылып, нақты шабуылдар жасалды. Ал қоршауды бұзу үшін жол талғамайтын көліктер мен КамАЗ-дар қолданылды", - деді Алматы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов ОКҚ брифингінде.
Қару-жарақты, ұрыс әдістерін жетік меңгерген, кәсіби дайындалған адамдар шабуыл жүргізгені айтылды. Бұл ретте, лаңкестер өлген және жараланған жақтастарын қалдырмай, алып кеткен.
Еске салайық, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан болатын. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталды. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. 4 қаңтарда өзге де қалаларда бірден жаппай тәртіпсіздік басталды.
Тұрғымбаев Қазақстанда жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиғалар хронологиясын баяндады
Кейінірек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізілді.
Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді
5 қаңтарда үкімет отставкаға кетті, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, сұйытылған газ, бензин және дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу енгізілді. Алайда толқу күшейе түсті. Алматы қаласы қатты зардап шекті. Бүлікшілер әкімдік ғимаратын өртеп жіберді, Президент резиденциясын басып алды, дүкендерді, сауда орталықтарын, банк кеңселері мен банкоматтарды қиратып, тонады.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, "ҚазМұнайГаз" бен "Қазақгаз" кәсіпорындары кінәлі екенін айтты.
6 қаңтарда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. ҰҚК-нің жаңа басшысы болып Ермек Сағымбаев тағайындалды. Дәл осы күні ҰҚК Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша "Мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша соталды тергеу амалдары басталды. Қылмыс жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал 10 қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қазақстандағы тәртіпсіздіктерден бизнеске келтірілген шығын 12 қаңтарда 100 миллиард теңгеден асты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер саны анықталып жатыр, әлі белгісіз.
11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үкімет мүшелерін тағайындады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также