Алматы облысында қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кеше кешке оқиға орнына Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев келді.
"Полигонда өртті сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүзеге асыратын жедел штаб, өрт сөндіретін 6 учаске құрылды. Өртті сөндіруге 11 өрт оқпаны және 1 лафет оқпан берілді. Өртті сөндіру жұмыстарына 10 метр тереңдіктегі бықсу және жел бағыты өзгеруі қиындық туғызып отыр", - деп жазылған хабарламада.
Өртті сөндіруге Алматы, Шымкент қалалары, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Жетісу және Абай облыстарының ТЖД күштері мен құралдары, сондай-ақ, әскери бөлімдердің әскери қызметшілері қосымша жұмылдырылған. Барлығы 200-ден аса жеке құрам мен 90-нан аса техника бар.
Еске салайық, бұған дейін Алматы - Өскемен тасжолының 35-шақырымында, Алатау ауылы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шыққаны хабарланды. Өртсөндірушілер тілсіз жаумен үш күннен бері күресіп жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!