"Алматы Су" коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментінің директорына қатысты сот үкімі өзгерді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Антикор мәліметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін, 9 қаңтарда Алматының Бостандық аудандық соты "Алматы Су" коммуналдық кәсіпорнының күрделі құрылыс департаментініңдиректоры М. Жолдыбаевтың үкімін жариялаған болатын.
"Ол орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қою және қаланың кәріз жүйелерін күрделі жөндеу және сумен жабдықтау жөніндегі жұмыстарды мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша бюджет қаражатын аудару сылтауымен кәсіпкерден 75 миллион теңге жымқыруға оқталғаны үшін кінәлі деп танылды", - делінген хабарламада.
Жолдыбаевқа5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, шартты түрде 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалған болатын.
"Қадағалаушы прокуратураның наразылығы бойынша Алматы қалалық сотының сот алқасының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгертілді.
Жолдыбаевқа 5 жыл мерзімге коммерциялық және қаржы ұйымдарының басшылығымен байланысты қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды", - делінген хабарламада.
Сот залында сотталған адам қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!