Алматы тауларына алғашқы қар түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Әлеуметтік желі қолданушылары қарға оранған таулы аймақтардың суреттерін жариялап жатыр.
Алматы тауларына алғашқы қар түсті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Әлеуметтік желі қолданушылары қарға оранған таулы аймақтардың суреттерін жариялап жатыр.
"Шымбұлақ" сайтындағы онлайн-трансляцияға қарағанда, курорттағы ауа райы мәз емес. Таудың бөктері мен ғимараттардың шатырын қар басқан.
Қолданушылар Талғар ауданындағы "Ақ Бұлақ" курортының да суреттерін жария етті. Ол жақта да төңіректі қар басқан.
©Farid Supiev/vk.com
"Медеуге" қар азырақ түсіпті, алайда әлі де жауып тұр.
© Николай Колесников
Айта кетейік, қалада жауын әлі сіркіреп тұр.
Синоптиктердің мәліметінше, 28 қыркүйекте Алматы облысындағы таулы аймақтарда солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы күшейіп, түнде 1-3 градус үсік жүреді. Алайда келесі күні ауа температурасы көтеріледі және жауын-шашын болмайды.
Сонымен қатар, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Ал шығыс және оңтүстік-шығыста жаңбыр жауады. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының кей жерлерінде желдің жылдамдығы секундына 23-28 метрге дейін артып, Қызылорда облысында дауыл соғады.
Желдің күшеюі Алматы, Маңғыстау және Атырау облыстарында да күтіліп отыр. Ал Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында тұман түседі. Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында түнгілікте 1-3 градус үсік жүреді.
Алдағы үш күнде Астанада жауын-шашынсыз болады. 28-30 қыркүйекте ауа температурасы күндіз 16-20 градус жылы болады. Ал түнде 7 градус жылы.
Сонымен қатар, бұл күндері Алматыда көпшелі бұлт болып, жауын жауады. Ауа температурасы күндіз 14-20, ал түнде 1-8 градус жылы болады.