Алматының Наурызбай ауданында 1200 орынды жаңа мемлекеттік мектеп ашылды, - деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі.
Алматының Наурызбай ауданында 1200 орынды жаңа мемлекеттік мектеп ашылды, - деп хабарлады Tengrinews.kz тілшісі.
Жаңа мектепте ерекше білімді қажет ететін балалардың терең әрі сапалы дәріс алулары үшін барлық жағдайлар жасалған. Қала әкімі Бауыржан Байбек мектептің оқушыларымен және олардың ата-аналарымен кездесті.
Жаңа оқу орнында робот техникалары кабинеттері, физика мен химияның арнайы сыныптары, ата-аналардың қонақ бөлмелері, ойын алаңдары және тағы да басқалар бар. Мұнда сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше мән берілген, сондықтан барлық жабдықтар мен мектеп жиһаздары қабырғаларға мықтап бекітілген.
Мектеп ғимараты тактильді жолмен, соқыр және арнайы шырақтардың өзімен әрең көретін балалар үшін Брайльдің рельефті- нүктелі шрифтері арқылы дәріс беретін сыныптармен, арнайы санитарлық бөлмелермен және шақыру нүктелерімен толық қамтамасыз етілген.
"Барынша қолайлы және жақсы мектеп. Арбамен жүруде еш кедергі болмау үшін лифт жұмыс істейді. Біз осыдан төрт жыл бұрын Қытайдан туған Отанымызға оралған болатынбыз. Өкінішке орай, менің Зәруім сынды балалардың онда білім алуларына еш мүмкіндік жасалмаған. Мен туған еліме оралуды, қызымның Қазақстанда білім алуын армандадым. Мемлекет басшысына рахмет, елімізде балалардың білім алуы үшін барлық жағдайлар қарастырылған, жат жұрттан келсек те бізді ешкім өзгелерден бөлген жоқ, қайта құшақтарын ашты. Арманым, қызымның өз аяғымен тік тұруы", - деді бірінші сынып оқушысы Молдасан Гүлбібінің анасы.
Бірінші сынып оқушысының өзі жаңа мектептің ұнайтынын және сыныптастарымен танысқанын айтты. Бүгін 240 мыңнан астам алматылық оқушы үшін алғашқы қоңырау соғылды, олардың 25 мыңы - бірінші сыныптықтар. Дәл осы күні Алматыда 2300 орынды тағы жаңа төрт мектеп есіктерін айқара ашты.
Әкімдік баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алматыда биылғы жылы білім ошақтарын салу мен күрделі жөндеуден өткізуге 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 1840 орынды 9 мемлекеттік балабақша құрылысы жүруде. Жаңа оқу жылында 840 орынды тағы 4 мемлекеттік балабақшаның құрылысы басталады.
© Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
№26 мектептің ескі ғимараты жаңарды. 90 орынды коррекциялық балабақша ашылды. Алатау ауданындағы №151 мектеп жанынан салынған 600 орынды қосалқы нысан пайдалануға берілді. Оқу жылының екінші тоқсанының басында мұнда 600 орынды мектеп пен №184, 185 мектептер жанынан әрқайсысы 400 орынды қосалқы нысандар ашылатын болады. Елбасының "Бес әлеуметтік бастамасы" аясында Алматыда таяудағы үш жыл ішінде 37 жатақхана салынады. Қазірдің өзінде 4 мың орынды 7 жатақхана құрылыстары басталды. Олардың төртеуі биылғы жылы пайдалануға беріледі.