Алматыда қалалық әкімдіктің жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыда қалалық әкімдіктің жүргізушісі жол ережесін өрескел бұзды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға осы жылдың 9 ақпанында Жандосов көшесі мен Гагарин даңғылының қиылысында болған. Таңғы сағат 10.20 шамасында KIA автокөлігі Жандосов көшесінің бойымен шығыс бағытты беттеп, екінші жолақтан солға бұрылу үшін көше қиылысына шықты. Жүргізуші бірнеше секундтан кейін ғана қозғалысын тоқтатты.
Айта кетейік, бұл көшелердің қиылысындағы бағдаршамда солға бұрылуға мүмкіндік беретін қосымша сигнал бар. Алайда KIA жүргізушісі оны күтпей, мерзімінен бұрын басқа көшеге бұрылған. Бұл іс-әрекет жүргізушілердің бірінің бейнетіркеу камерасына түсіп қалған. Сол күні жазбаның иесі әлеуметтік желілерде видеосын жариялады.
Ролик авторы бұл автокөліктің мемлекеттік органдарға тиесілі екеніне назар аудартты.
"Жолда өздерін патшадай сезінеді. Бұлар мемлекеттік органдардың өкілдері емес пе? Оларға ереже бұзуға рұқсат бар ма?!"- деп жазды видео авторы.
Tengrinews.kz полицияға сұрау салып, жол ережесін бұзған жүргізушіге қандай шара қолданғанын сұрады.
"Жергілікті полиция қызметкерлері жол ережесін өрескел бұзған KIA автокөлігінің жүргізушісіне қатысты шаралар қабылдады. 1983 жылы туған азамат ӘҚБтК-нің 595-бабының 1-бөлігінде және 601-бабының 1-бөлігінде көрсетілген құқық бұзушылық белгілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды",-деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жол ережесін бұзған әкімдік жүргізушісіне сегіз айлық есептік көрсеткішке дейін (24 500 теңге) айыппұл салынатын болды.
Айта кетейік, Tengrinews.kz редакциясы жағдайдың мән-жайын білу үшін қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне де жүгінді.
"Бейнежазбада түсірілген автокөлік шынымен де Алматы қаласының Қала құрылысын бақылау басқармасының еншігінде. Жүргізуші заңға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айта кетейік, құқық бұзушылық жасалған кезде қызметтік көлікте тек жүргізуші болған", -деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!