Әлеуметтік желілерде Алматыдағы автобустардың бірінде жолаушының соққыға жығылған видеосы тарады. Полиция жәбірленушіні іздестіріп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Желіде тараған видеода ақ жейде киген ер адамның егде жастағы жолаушыны ұрып жатқаны анық көрінеді.
Оқиғаға куәгер болған жолаушылардың айтуынша, ерегіс автобус салонынан түскеннен кейін де жалғасқан. Жанжал қарт адамның кәмелетке толмаған қызға тиіскенінен кейін шыққаны айтылады. Алайда бұл нұсқа ресми түрде расталған жоқ.
Алматы Полиция департаменті видеоны қарап, ақ жейде киген ер адамды анықтап, ұстаған.
"Оқиғаға байланысты Әуезов ауданы Полиция басқармасына қарасты бөлім тексеріс жүргізіп жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен жәбірленушінің қайда екені анықталып жатыр. Тексеріс нәтижесі бойынша заңнамаға сәйкес құқықтық баға беріледі", – деп хабарлады ведомство.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!