Алматыда екі аптадан кейін электравтобустар сынақ тәртібінде жүре бастайды. Бұл туралы "Алматыэлектркөлік" ЖШС жетекшісі Ризван Цинаев "Алматыдағы электркөлік. Шолу мен перспективалар" дөңгелек үстелінде айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Автобустар әзірше трамвай депосында қуат алады, бірақ қалада электркөлікті толықтай енгізу үшін қай орындарда инфрақұрылым салу керек екенін шешу қажет.
"Автобус таңда желіге шығуы үшін қуат алуы керек, яғни белгілі бір қуат керек. Менің білуімше, электравтобустардың қуаты 70 шақырымға жетеді. Сәйкесінше, ол әр айналымда қуат алып отыруы керек. Сондықтан соңғы аялдамаларда қуат көзі болуы тиіс. Қазір біз қуат көзін қайда орнатуға болатынын іздестіріп жатырмыз, сондықтан автобустардың нақты бағыты әлі анықталмады", - деді Цинаев.
Ол әлемде Қытайды есептемегенде, электравтобустарын ешкім де жаппай қолданбайтынын айтып өтті. Тіпті Еуропада сынақ ретінде жүреді екен. Сол себепті Қазақстан да сынақ тәртібінде енгізеді.
Еске салайық, 2016 жылдың соңында Алматыда электр көзімен жүретін автобустарды құрастыратын қазақстандық-қытайлық біріккен кәсіпорын іске қосылған еді. Өндіріс кешені ұзындығы 8,5 және сыйымдылығы 58 адам болатын, ұзындығы 12 метр және сыйымдылығы 90 адам болатын автобустарды шығара алады. Көлік құралының бар жылдамдығы сағатына 70 шақырым. Автобустар 10-12 минут қуаттаудан кейін 70 шақырым жүре алады.