Алматыда жалаңаш ер адам әуежайға кіріп, ұшу-қону жолағымен жүгірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Алматыда жалаңаш ер адам әуежайға кіріп, ұшу-қону жолағымен жүгірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде жалаңаш ер адамның темір қоршаудан асып түскен видеосы тарап жатыр. Келесі кадрларда ол ұшақтар маңында жүргені көрінеді. Әрі қарай ер адам жүрісін жеделдете жүгіріп, қараңғыға сіңіп кетеді. Кадрларға қарағанда, бұл - Алматы әуежайы.
Бұл ретте видеоға "Терминатор" блокбастерінің саундтрегі қойылған. Бұл кездейсоқ емес сияқты, өйткені ер адамның әрекеті фильм эпизодына ұқсайды.
Алматы халықаралық әуежайы оқиға әуеайлақ аумағында болғанын растады.
"Белгісіз ер адам қоршаудан секіріп өтіп, перронға қарай жүгірген. Әуежайдың Авиациялық қауіпсіздік қызметі оны дереу ұстап, Желілік полиция бөліміне тапсырды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді әуежайдың баспасөз қызметі өкілдері.
Көлік полициясы мәліметінше, оқиға кеше түнде болған. Видео кейіпкері - 25 жастағы ер адам.
"6 сәуірде сағат 00.10 шамасында бұл азамат шешініп, Алматы әуежайының жергілікті терминалы қоршауынан өткен. Кейін ұшу-қону жолағына қарай жүгірген. Сол жерде ер адамды Авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері ұстады", - деді Көліктегі полиция басқармасы баспасөз қызметі өкілдері.
Медициналық сараптама ұсталған азамат жеңіл дәрежеде мас күйде болғанын растады.
"1997 жылы туған азаматқа қатысты бірден үш әкімшілік хаттама толтырылды. Атап айтқанда: ҚР ӘҚБтК-ның 440-бабы "Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарға алкогольдік масаң күйде келу", 434-бабы "Ұсақ бұзақылық" және 564-бабы "Әуежайлардың аумағы арқылы тиісті рұқсатсыз өту", - деп қосты департаменттегілер.
Әкімшілік материалдар сотқа жолданған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!