Алматыда жаңа автомобильдер 25 пайызға қымбаттап кетті, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Алматыда жаңа автомобильдер 25 пайызға қымбаттап кетті, - деп хабарлайды "Алматы" телеарнасы.
Телеарна тілшілерінің мәліметінше, Алматының автосалондары қазір темір тұлпар тізгіндеуге келгендерге жаңа баға ұсынып жатыр. Яғни, шет елден келген көлік құнын 25 пайызға өсіріп сатып жатыр. Қарашаның қалтасын әбден жұқартқан дилерлер бұл көрсеткіш тек уақытша екенін айтып ақталды. Ол аз десеңіз, саудагерлер жыл соңына дейін темір тұлпар бағасын 50 пайызға дейін өсірмек. Отандық көліктер де кезек күттірмей қымбаттайтын көрінеді. Демек жеңілдетілген несиемен берілетін автомашиналардың да бағасы өсуі мүмкін.
"Жыл соңына дейін елімізде темір тұлпар бағасы бірден 50 пайызға дейін қымбаттамақ. Қазірдің өзінде Қазақстан автодилерлері көліктерді доллардың жаңа бағамымен есептеуде. Мәселен, осыдан бірер апта бұрын ғана 2 миллион 800 мың теңгеге бағаланған көлік қазір бақандай 4 миллион теңгеге саудаланып жатыр", - дейді тілшілер.
Қазіргі кезде автодүкендерде ең қымбат деген көліктерге сұраныс көп көрінеді. Себебі, саудагерлер қымбат темір тұлпарлардың құнын өсірмей әлі бұрынғы бағада сатуда екен. Көп күттірмей жаңадан жеткізілетіндерін жаңа бағамен есептемек. Ал, теңгенің еркін айналымға шыққан сәтінен бастап дүкендердегі көлік саудасы тұралап қалған. "Доллар бағамының өзгеруі импортаушыларға да, дилерлерге де әсер етпей қоймайды. Біз шетел тасымалдаушыларына сатып алған көліктеріміздің құнын доллармен төлейміз. Сондықтан бағаны өсіруге мәжбүрміз", - деді сатылымның аймақтық директоры Михаилс Кветнис.
Өткен жылы Ресей рублінің құлдырауынан кейін Қазақстанның көлік нарығы тұралап қалған еді. Дилерлер сол тұста батқан шығынын енді осылайша көліктерді қымбаттату арқылы өндіріп алмақ. Осы орайда бағаны отандық автоөндірушілер де ұстап тұра алмауда. Кia - 32 пайызға, Chevrolet - 29 пайызға, Skoda - 25 пайызға қымбаттапты. "Көліктерді жинауға арналған бөлшектердің көбі шет елден импортталады. Сондықтан отандық көліктердің бағасын көтеруден басқа амал жоқ. Мысалы, саудагерлер 10 мыңға алған көлігін 7 мыңға сата алмайды ғой", - деді Тәуелсіз автобизнес қауымдастығының өкілі Мақсат Мейірманов.
Айта кетейік, Қазақстанда шығарылған көліктерді жеңілдетілген несиемен алуға мүмкіндік беретін бағдарлама елімізде әлі аяқталған жоқ. Үкімет отандық көлік нарығын қолдау үшін қазынадан тағы 10 миллиард теңге бөлді. Десе де, ол қаражаттың қандай пайызбен бөлінетінін әрі несиелендіруге енетін көліктер қаншаға бағаланатыны әзірге белгісіз.