Алматыда жекеменшік тұрғын үйге қарулы шабуыл жасалды. Полиция қылмыстың бетін ашты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қаскөйлер қарумен қорқытып, ақша мен алтын бұйымдарды иемденген. Келтірілген жалпы материалдық шығын шамамен 4 миллион теңге болған.
"Жедел және тергеу іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері арнайы мақсаттағы жасақтың қатысуымен қылмысқа қатысы бар барлық адамды анықтап, ұстады. Ұрланған мүліктің бір бөлігі заңды иесіне қайтарылды, қалған бөлігі сараптама жүргізу үшін тәркіленді", - делінген хабарламада.
Алатау аудандық Полиция басқармасының бастығы Еділхан Байғараевтің айтуынша, қылмыс мұқият жоспарланған, күдіктілер ізін жасыруға әрекеттенген.
"Күдіктілердің іс-әрекеттері толық тіркелді, заттай дәлелдемелер мен техникалар тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Ұсталғандардың өзге де ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - деді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!