Алматы қалалық мәслихатының кезекті сессиясында мегаполистің жаңа әкімшілік-территориялық бірлігі - Наурызбай ауданын құру туралы шешім қабылданды. Осымен қала аудандарының саны сегізге жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресми ақпаратқа сәйкес, Алматының аумағын 23 200 гектарға кеңейткеннен кейін қала тұрғындарының саны 1,7 миллионға жуықтады. Осыған байланысты Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қаланың жаңа ауданын құру туралы ұсыныс жолданған болатын. Мемлекет басшысы бұл бастаманы қолдады. Ұлт-азаттық қозғалыстың көшбасшысы болған Наурызбай батыр атындағы ауданға Әуезов ауданының бір бөлігі және жаңадан қосылған елді мекендер енді. Бұл - 6 976 гектар жер. Аудан халқының саны - 157 мың адам.
Мәслихат депутаттарының шешіміне сәйкес, Наурызбай ауданының әкімі қызметіне Қуаныш Қашқымбаев тағайындалды. Бұған дейін ол Алматы қалалық жер қатынастары басқармасының бастығы болған.
Ал қала әкімі Ахметжан Есімовтың айтуынша, бүгінде жаңа ауданды дамыту мақсатында 3,3 миллиард теңге бөлініп отыр. Соның ішінде 1 миллиард теңге жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалмақшы.