Алматыда психиатриялық ауруханадан қашып кеткен 3 жасөспірім іздестірілуде. Олар осыдан екі күн бұрын аурухананың қоршауынан секіріп іздерін суытқан, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Алматыда психиатриялық ауруханадан қашып кеткен 3 жасөспірім іздестірілуде. Олар осыдан екі күн бұрын аурухананың қоршауынан секіріп іздерін суытқан, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Кешкі сағат 17:00 шамасында 13-16 жастағы қыздар мен 15 жастағы бозбаланың емін-еркін емдеу мекемесінің аумағынан шығып бара жатқаны бақылау камераларына түсіп қалыпты.
Дромомания ауруына шалдыққан жеткіншектерді ата-аналары аталмыш орталыққа жатқызып кеткен. Дәрігерлер бұл ауру түрімен ауыратындар кезбелікке бейім келетінін және елестер мазалайтынын айтады. Ал олардың ауруханаға жатқызылғанына бір апта да болмаған. Қазір полиция жасөспірімдерді іздестіріп жатыр.
"Біздің орталыққа келетін науқастарды күштеп, қамап ұстамаймыз. Әркім өз еркімен ем алуға келеді. Алайда бұл жасөспірімдер науқас болғандықтан, оларды тек ата-аналарының рұқсатымен ғана шығарамыз. Сондықтан оларды іздеп табуға біз де міндеттіміз", - дейді Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы бас директорының орынбасары Қуаныш Алтынбеков.