Мамандар Алматыда менингококтық жұқпадан көз жұмған студенттің көршісін аман алып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы брифинг барысында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова айтты.
Мамандар Алматыда менингококтық жұқпадан көз жұмған студенттің көршісін аман алып қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы брифинг барысында қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова айтты.
Көз жұмған студенттің Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында оқығаны белгілі болды. Қайтыс болған студентпен бірге бір бөлмеде тағы бес адам тұрған.
"Балалар үйлеріне қайтуға жиналып жүрген. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың барлығында қабынудың белгілері болған. Біз олардың барлығын оқшауладық. Уақытында көмек көрсеттік. Әзірше зертханалық растау жоқ, бірақ аман алып қалған екінші науқаста менингит. Оныкі асқына бастапты. Ол орташа ауыр халде еді. Қазіргі таңда оның жағдайы жақсы және палатаға шығарылды", - деді Молдағасымова.
Сонымен қатар, студенттердің жауын астында қалғаны белгілі болды. Олар су болған күйі темір жол вокзалына барыпты.
"Қайтыс болған студент дәрігерлерге кеш қаралған. Бірнеше күннен бері онда қабыну болыпты. Ауырып қалған күні кешке оның дене қызуы көтеріліп, ол өз бетінше емделіп, түсірген. Келесі күні денесіне бөртпе шығып, жедел жәрдем шақырған. Өкінішке қарай, ол кезде менингококтық сепсис болыпты. Оған көмек көрсете алмадық, себебі тым асқынып кеткен", - деп хабарлады Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы.
Бұл студентпен байланысқан 118 адам бар. Олардың барлығы медициналық бақылауда, ол тұрған жатақхана да.
Еске сала кетейік, бұл дерттен төрт адам көз жұмды. Олардың бірі студент, енді бірі балабақшаға барып жүрген бүлдіршін.
26 мамырдағы жағдай бойынша, Алматыда 29 адамда менингококк инфекциясы расталды: 26 ересек адам және үш бала. Төрт адам жазылып, ауруханадан шықты, төрт адам көз жұмды.
Менингококк инфекциясы - инфекциялық жұқпалы ауру, ол түрлі клиникалық белгілермен бактериялар арқылы пайда болады - таратушыда белгілері білінбейтін болуы да мүмкін немесе назофарингиттен (мұрын-жұтқыншақ қабынуы), менингиттен (ми қабығының қабынуы) болуы мүмкін. Инфекцияның көзі - ауру адамдар және дені сау таратушылар.