ПОДЕЛИТЬСЯ
12 қыркүйек 2017 | 12:56
Алматыда Ұзақбай Құлымбетовтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды
Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ірі мемлекет қайраткері, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтің құрметіне Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы ғимаратына орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Алматы қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен ірі мемлекет қайраткері, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтің құрметіне Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы ғимаратына орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары, Астана және Алматы, Ақтөбе қалаларынан зиялы қауым өкілдері және қайраткердің туған-туыстары мен жақындары қатысты.
Алғысөз Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевқа берілді. Ол қала басшысы Бауыржан Байбектің атынан жиналғандарды құттықтады.
"ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында Мемлекет басшысы еліміздің егемендік алуына белсенді атсалысқан азаматтарды ұмытпай, қадірлеуіміз қажет екенін жазған. Ұзақбай Құлымбетов секілді азаматтардың арқасында біз бүгінгімізге қол жеткізіп отырғанымызды білуіміз қажет. Біз осыны келер ұрпаққа түсіндіруіміз керек. Болашақ ұрпақ ұмытпауы үшін ескерткіштер ашып, көше атауларын беруіміз керек", - деді Арман Қырықбаев.
Сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді қайраткердің бойынан байқаған үш азаматтық ісін атап өтті.
"Мен Ұзекеңнің тергеу материалдарымен танысқаным бар еді. Сонда мен үш нәрсені байқадым:
Біріншіден - Ұзекең айтады: Мен жас кезімде білімді Байтұрсыновтың шығарған "Қазақ" газетінен алдым дейді. Азаматтық ұстанымды қалыптастырды дейді. Ал енді бұдан байқағанымыз Ұзекең сол кездегі қазақ қоғамындағы алдыңғы идеяны ұстанғанын көреміз.
Екіншіден Ұзекеңнің өмірінде байқалатын нәрсе - Ұзекең күрделі заманның, күрделі уақыттың тұлғасы. 20-30 жылдары Совет үкіметі орнағаннан кейінгі уақытта Орталық Москва мен Қазақстан арасында текетірес жүрді. Қазақ жерінің байлығы үшін. Ал енді осы кезде Ұзекең осы "Қазақ жерінің байлығы ең алдымен қазақ халқына бұйыруға тиіс деген ұстанымды жақтаған тұлғалардың қатарында болды. Күрделі кезеңде әр түрлі ұстанымдағы тұлғалар болды, биліктің идеологияның талабын соған бейімделуге дайын тұрған тұлғалар болды, оны біз жасырмауымыз керек. Ал Ұзекең сол қиын жағдайда, ауыр жағдайда ұлттық мүддені қорғай білген тұлғалардың қатарында болды. Ұзақбай Құлымбетовтің жинағы жарық көрді, сондағы материалдармен таныссаңыз, байқайсыз. Ұзақбай Құлымбетов қазақ халқының жағдайын терең түсінді, оның шаруашылығын, жалпы қоғамдық өмірін, мәдениетін терең түсінген тұлға болды. Сол еңбектен сол байқалады.
Үшіншіден - репрессия құрбаны. Мен тергеу материалдарынан байқағаным мынау: тергеу материалдары өздеріңіз білесіздер қазақ зиялыларын репрессияға алғанда, оларды қазақ ұлтшылдары деп айыптады. Қазақ ұлтшылдық контрреволюциялық ұйымның басында Москвадағы Тұрар Рысқұлов, ал Алматыда оны жүргізуші, жалғастырушы Ұзақбай Құлымбетов деген тұжырым жасалды. Ол әрине тектен-тек емес болатын. Өйткені Ұзақбай Құлымбетов Қазақстанда еліміздің республиканың мүддесін қорғай білген және сауатты қорғай білген тұлғалардың қатарында болды. Сондықтан Ұзақбай Құлымбетовті Қазақстандағы "контрреволюциялық топтың" басшысы, әрине тектен-тек емес болатын. Голощекин геноциді - Қазақстанда ұйымдастырылған 31-33 жылдардағы ашаршылық қырғыны. Сонда кім кінәлі, қандай адамдар кінәлі, қандай тұлғалар кінәлі деген сұрау қойылған. Сонда Қазақстанның бірталай тұлғасының есімі аталған. Ал Ұзақбай Құлымбетов сөйлеген сөзінде шындықты жайып салған. 31-33 жылдардағы қырғынға Москваның да Қазақстандағы басқарушы топтың да қателігі бар Бюро мүшесі болғандықтан менде жауап беремін деген Ұзақбай Құлымбетов болатын. Ұзекең әр уақытта әділікті, шындықты сүйген тұлға ретінде қала береді, бүгінгі мынау салтанатты жиналыс, Ұзекеңе көрсетіліп отырған құрмет тарихи тұрғыдан әділетті құрмет деп білемін", - деді Мәмбет Қойгелді.
Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен бір топ азамат Ақтөбе облысынан делегация болып, бүгінгі шараға арнайы келді
"Жерлесіміз біздің ғана мақтанышымыз емес, қазақ халқының мақтанышы. Ұзақбай Құлымбетов атамыздың бүгінгі алғы шаралары құтты болсын. Осы шараға сәйкес Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хаты: "Құрметті Орынша Ұзақбайқызы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, жерлесіміз Құлымбетов Ұзақбай Желдірбайұлын ұлықтауға арналған Алматы қаласында өтетін іс-шаралар кешенін ұйымдастырып отырған Алматы қалалық әкімдігіне, қалалық ардагерлер қоғамы мен зиялы қауым өкілдеріне, сізге зор ризашылықпен алғысымды білдіремін. Құлымбетовтер әулетінің басынан кешкен қуғын-сүргін зардаптары әулеттің әр мүшесінің күреске толы ғұмыры бүгінгі ұрпаққа сабақ, үлгі болар қасиеттер. Тамырлатпай талқыға алған тар заманында күреспен өткен әр күніңізді сипаттаған "Тағдыр" атты ғұмырнамалық хикаятыңызды тебіренбей оқу мүмкін емес. Ұзақбай Құлымбетовтің ізі қалған Ақтөбе қаласындағы бір орта мектепке оның есімін беріп, ұрпақтары әзірлеген ескеркіш мүсінін алдына орнатуды жоспарлап отырмыз. Жиындарыңызға сәттілік, барша туысқандарға зор денсаулық, шаттық тілеймін. Құрметпен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев", - деп оқыды облыс әкімінің тілегін Абдухат Мырзалин.
Мемлекет қайраткерінің қызы, педагог Орынша Қарабалина-Қазыбаева: "Әкеміздің ақталғанына 80 жыл болды. Осы кезге дейін анда-санда ғана бір атап қоятынбыз, құдайы тамағын ішеміз, ал есімін беруді ұмытамыз. Бүгін бір емес үш қуаныштың куәсі болып тұрмын. Мына тақта өткен күндерді еске салды. 1937 жылы шілденің басында осы ғимараттың есігінен соңғы рет шығып кеткен. Әкеміз үй қамағында, түрмеде болып, ақыры атылды. Көзі көргендердің айтуы бойынша, Алматыдан 30 шақырым жердегі Боралдайға19 комиссардың сүйегі тасталған. Ақтөбеден келген жерлестерімен кеше сол жерде болдық. Лайықты ескерткіш қойылса деп кеттік.
80 жылдан кейін тақта болып, өзі салдырған, жеті жыл қызмет істеген ғимаратының қабырғасына қайта оралды. Бұл тақтаға академияда оқыитын жүздеген студент көз қырын салады, санасында Құлымбетов есімі сақталады.
Құлымбетовтың Алматы қаласына сіңірген еңбегі ұшан теңіз. Қазақстан астанасын Қызылорда қаласынан Алматы қаласына ауыстыруға байланысты шараларды үйлестіру туралы үкімет отырысында 1927 жылы Ұзақбай Құлымбетов комиссияға төраға болып бекітіледі. Алматыда электр жүйесін, өнеркәсіп құрылысын салуды жоспарлау, Алматының жер аумағын 11 мың десятинаға кеңейту, жер сілкінісін ескеру, жаңа ғимараттарға құрылыс жүргізу үшін жер таңдау, қонақ үй, ағаш өңдеу, нан, кірпіш зауыттарын салуды ойластырған. Қаланы көріктендіру, базар аумағын ретке келтіру, жолдарды, өткелдерді жөндеу, Ташкенттегі педагогикалық жоғарғы оқу орнын Алматыға көшіруді. Толып жатқан шараларды ұйымдатсырған. "Осының барлығына қазынада 6 миллион рубль бар, барынша үнемділік керек" , - деді Құлымбетов. Тіпті жұмысшының арасында тәртіпсіздік болмауын, жұмысшының еңбегін де бағалау керек деген. Соның арқасында Алматы мәдениеттің, экономикамыздың орталығы болды. Үлкен қалаға айналды. Ташкенттегі педагогикалық институты, Омбыдағы архив, Қызылордадағы архивті әкелу керектігін ойластырған.
Суреттерді түсірген Әлішер Ахметов
40 жасында Құлымбетовты жұрт ел ақсақалы деп атаған. Әбділда Тәжібаевтың естелігінен: "Құлымбетовтың жүрісі де тұрысы да, трибунада сөйлеген сөзі де мемлекеттің басшысына, ақсақалына лайық еді". Екі тілде шешен сөйлеген, сөйлеген кезде ол ешкімнен қаймықпаған, тура айтқан, Қазақстанның өндірісі жөнінде 1928 жылы баяндама жасағанда: Біздің орталықтан (Москвадан) алғанымыздан, бергеніміз көп. Шындап келгенде орталықтан алмауға да, оған бермеуге де тұрамыз, оған орталық тұра алар ма екен? Тұра алмайтын болса, бізге қаржы берсін".
"Бүгіннен бастап ол кісінің екінші өмірі басталды. Ақтөбеде әкемнің есімімен ашылған мектепке, ұрпақтары әзірлеген ескеркіш қойылады. Ақтөбеде қаншама оқушы, Алматыдағы өнер академиясының қаншама студенті Ұзақбай Құлымбетовтың өмір баянымен, тарихымен танысады", - дейді Орынша Қарабалина-Қазыбаева.
Ұзақбай Құлымбетов. Архив сурет
Айта кетейік, - өткен жылы Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің туғанына 125 жыл толуына орай тұлғаның өмір жолы жайлы жинақ жарыққа шыққан еді. Жинаққа естеліктер, зерттеулер, мақалалар мен ғұмырнамалық хикаяттар топтастырылған.
Екінші бөлімде Құлымбетовтің қызы, белгілі педагог Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның бастан кешірген қиындықтары, босқынға ұшыраған ұрпақтың тағдыры арқылы бүкіл қазақ ұлтының басына түскен нәубет, өмірлік мұраттарға адалдық жайы, ғұмырнамалық хикаят түрінде шынайы баяндалады.
Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетов - 1891 жылдың 18 наурызында Ырғыз уезі, Аманкөл болысында дүниеге келген. 1910 жылы Ырғыздың екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген соң, Ырғыз, Торғай ауылдарында мұғалімдік қызметте болған. 1919-25 жылдары Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, Ақтөбе, Ақмолада губерниясында партия комитеттері мен атқару комитеттерінің төрағасы болған. Сондай-ақ 1925-37 жылдары Қазақ АССР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ Өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы, Қазақ КСР халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің төрағасы.
КСР Одағының Жоғарғы сотының Әскери Алқасының 1938 жылдың 25 ақпанындағы үкімімен сол жылдың 21 наурызында жазықсыз атылды. Ал 1958 жылдың 22 сәуірінде есімі ақталды.
Показать комментарии
Читайте также