Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 311.59
EUR / KZT - 349.39
CNY / KZT - 45.41
RUB / KZT - 5.50

Ұзақбай Құлымбетовтің өмір жолы жайлы жинақ жарыққа шықты

30 Қараша 2016, 16:49
1
© massaget.kz
© massaget.kz

Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Желдірбайұлы Құлымбетовтің туғанына 125 жыл толуына орай тұлғаның өмір жолы жайлы жинақ жарыққа шықты. Жинаққа естеліктер, зерттеулер, мақалалар мен ғұмырнамалық хикаяттар топтастырылған.

Ұзақбай Құлымбетов жайлы бүгінгі жас ұрпақ көп біле бермейді. Көп ақпараттарға қанық емес. Ат жалын тартып мінгеннен, өмірінің соңына дейін халық мүддесі үшін қызмет жасап өткен қайсар ұлдың ерен еңбегі мен ерлігі - бүгінгі жастар үлгі аларлық айбынды іс. Ол - ауыл мұғалімінен Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне дейін жоғарылаған тұлға.

Қазақтың қайсар ұлы 1891 жылдың 18 наурызында Ырғыз уезі, Аманкөл болысында дүниеге келген. 1910 жылы Ырғыздың екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, 1912 жылы Ақтөбе мұғалімдер семинариясын бітірген соң, Ырғыз, Торғай ауылдарында мұғалімдік қызметте болады. 1919-22 жылдары  Ырғыз революциялық комитетінің төрағасы, сол жылы құрылған Ақтөбе губерниясының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімін, артынан губерниялық оқу бөлімінің меңгерушісі қызметтерінде болды, губкомның бюро құрамына енгізілді. 1923 жылы Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы болған. 1925-37 жылдары Қазақ АССР Халық шаруашылығы кеңесінің төрағасы, Қазақ Өлкелік ішкі және сыртқы сауда халық комиссары, мемлекеттік Жоспарлау комиссиясының төрағасы болып жүріп, Қазақ ССР халық комиссарлар кеңесі төрағасының орынбасары, 1930 жылы бірінші орынбасары, кейін Қазақ Өлкелік Орталық Атқару Комитетінің (КазЦИК) төрағасы қызметтерінде болған. Ал бұл қызметтерде жүргенде қазақ елінің қамы үшін жасаған игі істері саусақпен санарлық қана деп айтуға келмейді.

Ұзақбай Құлымбетов республикадағы өнеркәсіптің және ауыл шаруашылығының қалыптасуына, Түрксіб теміржол құрылысының салынуына бірден-бір себепкер болған. Ол Қазақ КСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған тұста Қазақ Автономиялық Республикасы Одақтық Республика мәртебесін алды. Қазақ КСР-нің жаңа Конституциясын бекітті. Ол пленум, конференция, сьездерде жасаған баяндамаларында, мақалаларында Екібастұз, Атбасар комбинаттарын қалпына келтіріп, Жетіқара, Аққарға, Бозбие алтын кеніштерін қазақ еліне қайтару туралы мәселелерді батыл түрде көтерген. Елек тұз өндіру, Ембі мұнай кәсіпорнының қуатын арттыру, мұнай өңдейтін зауыт салу, мал шаруашылығын дамыту, тері өңдеу, тоқыма кәсіпорындарын салу жайында бағдарламалар ұсынған. Қызылорда, Алматы қалаларының астана болып қалыптасуына тікелей басшылық жасап, астананың Қызылордадан Алматыға ауысуына байланысты комиссияның төрағасы болды.

Елі ардақтаған асыл азамат қазақ жастарының сауатты болуы үшін қолынан келген істердің барлығын атқарған. Мектептер, жетім балалар үшін интернат ашқызған. Ол Калининге жазған хатында Қазақстандағы балалар саны Одақ көлеміндегі панасыз жасөспірімдердің үштен бірін құрайтынын хабарлап, болашақ ел иелерінің талапқа сай білім алуы үшін, олардың оқу орындарын жабдықтау үшін қосымша үш миллион қаржы бөлуін сұраған.

Ұзақбай Құлымбетовтің көзін көрген жандар оның «көрегендігі мен мемлекеттік дәрежедегі ойлау жүйесі - көптеген әріптестерімен салыстырғанда көш ілгері еді..." - дей келе, "ол өз ісін жетік меңгерген, ұйымдастырушылық қабілеті зор, екі тілде шешен сөйлейтін, қорытынды шығара алатын", - деп еске алады. Оны 1933 жылы пленумда сөйлеген сөзінен байқауға болады: "Мен өлкелік Комитеттің және оның хатшысы Голощекиннің ауылды басқарудағы әдістеріне алғашқылардың бірі болып қарсы шықсам да, Өлкелік Комитеттің Бюро мүшесі ретінде жіберілген қателіктеріне жауап беремін" - деген. Ол осы қателіктерді түзету үшін О.Исаевпен бірге қазақ шаруаларының халін түзетуге күш салады. Қайтпас қайсарлығының арқасында мәселені Өлкелік Комитеттің Бюро талқысына қояды. Соның нәтижесінде кеш болса да, Обком хатшыларына ауылдағы жағдайды өзгертуге бағытталған нақты міндеттер жүктеледі.

1937-1938 жылдардың зобалаңы қазақтың талай боздақтарының ғұмырын қиды. Кейбір деректерге сүйенсек, сол кезеңде елімізде 25 мыңнан аса адам ажал құшып, оққа ұшқан. Солардың бірі - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Ұзақбай Құлымбетов еді.

Көзі тірісінде тау тұлғалы азамат "КАРЛАГ", "АЛЖИР" өлім лагерлерінің қазақ жерінде қоныс тепкеніне де қарсы болды. Кейіннен жазық жаланың құрбаны болғаннан кейін "АЛЖИР"-де жұбайы Әйіш Құлымбетова 8 жыл отырды. Ал өзі 1937 жылы қыркүйекте 19 наркоммен бірге қамауға алынып, 1938 жылдың 22 наурызында (47 жасында) "халық жауы" деген жалған жаламен атылды. Сүйегінің қайда қалғаны белгісіз.

Ұзақбай Құлымбетов 1958 жылы ақталды. Ұрпақтары 20 жыл бойы "халық жауының" балалары болып елімізден жырақта жүрді.  

1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздігін жариялау қарсаңында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей қолдауымен Ұзақбай Құлымбетовтің 100 жылдық мерейтойы Алматы, Ақтөбе, туған жері - Ырғыз ауданында кеңінен аталып өтілді. Осы мерейтой кезінде тұлғаның өмір жолы жайлы мақалалар мен естеліктер, ғылыми баяндамалар жасалды. Дегенмен Ұзақбай Құлымбетовтің еліне жасалған еңбегін, қайраткерлік тұлғасын танытатын жинақ шықпаған-ды. Бұл - ұрпақ алдындағы бір парыз да еді. Енді бұл парыз орындалып, Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына 125 жыл толуына орай жинақ жарық көрді.

Жинақты қазақ еліне ерен еңбек сіңірген тұлғаның қызы, белгілі педагог Орынша Қарабалина-Қазыбаева мен өлкетанушы ғалым Бекарыстан Мырзабай құрастырған. Жинақ екі бөлімнен тұрады.

"Туындының бірінші бөліміне Ұзақбай Құлымбетовтің өз қаламынан шыққан 1920-30 жылдардағы мақалалары мен өмірбаяны, көзін көрген кейбір замандастары мен ұрпағы Кабира Қарабалинаның естеліктері, сондай-ақ Құлымбетовтің тұлғасын зерттеп жүрген ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеулері мен мақалалары топтастырылған.

Екінші бөлімде Құлымбетовтің қызы, белгілі педагог Орынша Қарабалина-Қазыбаеваның бастан кешірген қиындықтары, босқынға ұшыраған ұрпақтың тағдыры арқылы бүкіл қазақ ұлтының басына түскен нәубет, өмірлік мұраттарға адалдық жайы, ғұмырнамалық хикаят түрінде шынайы баяндалады, - делінген алғысөзінде.

Жинақ Ұзақбай Құлымбетовтің туғанына 125 жыл толуына орай құрастырылып, қалың орқырман қауымға ұсынылып отыр.

Туған халқының болашағы үшін күрескен тұлғаның еліне сіңірген еңбегі, есімі лайықты дәрежеде ұлықталмай келді. Туғанына 100 жыл толуына орай іс-шаралар ұйымдастырылғанмен, кейінгі уақытта ескерусіз қалды. Онымен тағдырлас, қызметтес, үзеңгілес болған С.Сейфуллин, О.Исаев, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Т.Жүргенов, С.Меңдешев, т.б. қайраткерлер халыққа кеңінен танылып, олар туралы кітаптар, деректі фильмдер жарық көрді. Мүсіндері орнатылып, мектеп, институт пен ауылдарға есімдері берілді. Бір өкініштісі, Ұзақбай Құлымбетовке елімізде бір мектептің де аты берілмепті. Өзінің тарихи бағасын осы кезге дейін ала алмай келе жатқан тұлғаның еңбегін елейтін, ерлігін ескеретін кез жетті. Ұрпақ алдындағы бұл парыз жақында Ақтөбе қаласында өткен "Ұзақбай Құлымбетов және Қазақстанның мемлекеттілігі" атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда талқыланып, оның есімін ұлықтау мақсатындағы шараларды қолға алу жөнінде баса айтылды.

Конференцияға қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ұзақбай Құлымбетовті ұлықтау мақсатында іс-шаралардың атқарылатынын айтып, туған жері Ырғызда мектеп аты берілетінін жеткізді.

"Ырғызда Ұзақбай Құлымбетовке мектеп аты беріледі. Ал оның сүйегі жатқан жерге белгінің қойылуын қолға алуымыз керек. Деректі фильм түсіру ісін қолға аламыз. Сондай-ақ, баспаға әзірленіп жатқан кітаптарына қолда бар еңбектерінің енгізілуін де қадағалаймыз.  

Тарихты мәнді ететін - өз елін шексіз сүйіп, халқына қалтқысыз қызмет еткен Құлымбетов сынды тұлғалар екенін естен шығармау керек, - деді облыс басшысы ("Ақтөбе газеті").

Елін сүйген, елі үшін күйген ерлердің есімі ел жадында. Заман көші ілгері жылжыған сайын сол бір зұлмат жылдар құрбандарының ардақты есімдері бүгінгі ұрпақтың жадына жаңаланып, дараланып еске түсіріліп отыруы -уақыттың бір талабы да. Сондай ардақты есімнің бірі, біз айтқан - Ұзақбай Құлымбетов. Ұлттық мүддені бәрінен жоғары қойған, ұлтжандылығы халқының қамымен ұласқан қайраткер ұрпағының жадынан да, ғылыми танымынан да мәртебелі орын алуға әбден лайық.

Дереккөз: Massaget.kz


Нравится
Поделиться
Пікірлерді көру (1)
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай